ҮЗДІК ШАРУАШЫЛЫҚ ИЕЛЕРІНЕ ТРАКТОР КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ - АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 13.12.2022
Оқылды: 1872
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері күніне орай мерекелік шара өтті. Салтанатты жиында аталған саланың өркендеуіне үлес қосып, еңбек етіп жүрген озаттар сый-құрметке бөленіп, марапатталды.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бастаған топ алдымен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдері қойылған көрмені тамашалады. Бұдан соң телекөрсетілім арқылы аталған сала бойынша Алматы облысында жүзеге асырылып жатқан шаруа жайы көрсетіліп, көпшілік назарына ұсынылды. Бейнефильмде аймақ экономикасының негізгі тірегі ауыл шаруашылығы болғандықтан жетекші саланың әрдайым басты назарда екені, сондай-ақ, егін егіп, төрт түлікті көбейтуде, жеміс-жидек пен көкөніс өсіріп, өндірілген өнімдерді қайта өңдеуде қол жеткізілген тың табыстар мен тындырымды тірліктердің аз еместігі паш етілді. Байқағанымыздай, биыл да ауыл еңбеккерлері өнім берекесін арттырып, табыстың тайқазанын тасытуға бар күш-жігерін жұмсаған.

Салтанатты шарада дала төсін дүбірге бөлеп, еңбек көрігін қыздырған шаруа адамдарына жылы лебізін білдірген «Жетісу» өндірістік кооперативінің төрағасы Жанат Исағұлов, «Олжас» шаруа қожалығының төрағасы Хамза Бабалықов, «Жорахан» шаруа қожалығының төрағасы Табиден Найманханов, тағы басқалары ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Өз кезегінде Марат Елеусізұлы жүрекжарды сөзін айтып, ақ тілегін арнады. «Алдағы уақытта атқарылар жұмыс көп. Облыста еңбек өнімділігін 2-3 есеге дейін арттыруға мүмкіндік мол. Ол үшін тек ынта, жігер қажет. Біздің тарапымыздан барынша қолдау көрсетіледі. Азық-түлік экспорты жыл сайын артып келеді. Шикізат өндіру ісі де маңызды. Мал тұқымын асылдандыру жұмысына да көңіл бөлінуде», – деді аймақ басшысы. Сондай-ақ, шарада аталған саладағы проблемалық мәселелер де қозғалды. Соның ішінде су тапшылығын болдырмау жолдарының қарастыру, тоспалар салу, тазалау, ауыл тұрғындарын интернет байланысымен қамту, жүн, тері өндірісін жандандыру, ғалымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізу, аталған сала бойынша оқу бітірген жастарды ауылға тарту сияқты мәселелерге айрықша назар аударылды.

Келесі кезекте бір топ еңбек озатына ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен «Ауылшаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Енді бірқатары ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатын алғандар да қуанышқа кенелді. Облыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі байқауы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы жеңімпаздар да ақшалай сыйлықтарға ие болып, қошеметке бөленді. «Үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері» номинациясы бойынша 1-дәрежелі дипломмен Райымбек ауданының «Райымбек-Нан» ЖШС директоры Әділет Мұсалимов және Жамбыл ауданының «Азамат-1» шаруа қожалығының төрағасы Аманжол Шуенбаев марапатталды. Бұл шаруашылықтарға «МТЗ-80» тракторларының кілті табысталды. Осы аталым бойынша Іле ауданындағы «Сарыбұлақ» ЖШС, Еңбекшіқазақ ауданындағы «Сайн» ШҚ, Қарасай ауданындағы «Алсад Агро» ЖШС, Кеген ауданындағы «Жібек жолы» ШҚ 700 мың, 600 мың және 500 мың теңгенің сыйақысын алып, сый-құрметке бөленді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА,

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Қонаев қаласы

Алматы облысы