АЛМАТЫ ЭЛЕКТР СТАНСЫЛАРЫНЫҢ 80 ПАЙЫЗЫ ТОЗҒАН. ВИЦЕ-МИНИСТРДІҢ САПАРЫ

Уақыты: 26.12.2022
Оқылды: 1782
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов Алматы облысының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің электр жүйесіне қатысты негізгі мәселелерді баяндады.

Қазіргі таңда аталған министрліктің негізгі қызметі мұнай-газ және энергетика салаларын жандандыруға бағытталған. Сонымен бірге, министрлік елді мекендерде газ инфрақұрылымын дамыту, халықты электр, жылу жүйелерімен қамту жұмыстарын өз міндетіне алған. Вице-министр Қазақстан энергетикасының негізгі бағыттары жайлы баяндап, электр стансыларының бүгінгі жай-күйін таныстырды.

- Биылғы жылдың 11 айында Алматы облысында электр энергиясын өндіру көлемі 6 миллиард кВт/сағ құрады. Облыстың электр және жылу энергиясына қажеттілігін Алматы ЖЭО-3, Қапшағай және Мойнақ СЭС-тері өтейді. Аталған стансылардың белгіленген электр қуаты 837 МВт-қа тең. Алматы ЖЭО-3-тің белгіленген жылу қуаты сағатына 335,3 ГКал-ды көрсетеді. Облыстың жылу энергиясына деген қажеттілігін жергілікті қазандықтар да қамтамасыз етуде, – деді Жандос Демесінұлы.

Вице-министрдің айтуынша, Алматы электр стансыларының 80 пайызы тозған. Энергетика көздеріне заман талабына сай жаңа электр жабдықтары қажет. Алматы өңірінде электр энергиясын тасымалдау және тарату бойынша «Алатау жарық компаниясы» АҚ ірі энергетикалық жүйе болып саналады. Алайда мұнда да түйінді мәселе жеткілікті. Мәселен, тиісті мекемеге қарасты электр желілерінің жартысынан көбі ескірген. Аталмыш компания 20 мың шақырымнан асатын электр желісіне жауапты. Бұған қоса, мекемеге қарасты 4526 кіші стансы бар.

Министрлік өкілі тозығы жеткен құрал-жабдықтарды жаңалау үшін жаңа бағдарлама қабылданып жатқанын мәлімдеді. Бағдарлама «Инвестицияларға айырбастау тарифі» деп аталады. Жаңа жоба аясында энергия өндіруші ұйымдардың қолданыстағы активтерін қайта құруға, жаңғыртуға және кеңейтуге мүмкіндік берілмек. Сонымен бірге, алдағы уақытта «Жылу энергетикасы туралы» Заң қабылданбақ. Заң жобасында өңірлерді жылумен қамту проблемаларын шешуге баса назар аударылады. Жандос Демесінұлы қазіргі таңда Президент тапсырмасына сәйкес жанармай бағасын реттеу бойынша арнайы шара қабылданып жатқанын айтты.

Вице-министрмен кездесуде электр энергиясын сатып алу-сату, атом энергетикасы, газдандыру, мұнай өнімдерін пайдалану, жанармай, тариф мөлшерлемесін бекіту мәселелері көтерілді. Шарада жұртшылық көкейіндегі толғақты сұрақтарға жауап берілді.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Қонаев қаласы,

Алматы облысы