АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ НИДЕРЛАНДТЫҚ КОМПАНИЯМЕН КЕЛІСІМ ЖАСАСТЫ

Уақыты: 11.01.2023
Оқылды: 1860
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімдігі нидерландтық «Dutch Clean Tech» компаниясымен бірлесіп, «Алматы облысының аумағында кәріз-тазарту құрылыстарын салу және жаңарту» жобасын жүзеге асырмақ. Осыған орай облыс әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ компания өкілдерін қабылдап, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

- Біздің серіктестігіміз компанияның жұмысына, облысымыздың дамуына игі әсер етеді деп ойлаймын. Сіздер ірі қалалармен қатар шағын елдімекендерді дамытуға үлес қосасыздар деп сенемін. Біздің облыс ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс істейді. Халықтың 83 пайызы ауылда тұрады. Бұдан бөлек, Алматы облысында туризмді дамыту мақсатында ең алдымен инфрақұрылымды жақсарту міндеті тұр. Ауыл шаруашылығы, туризм салаларын ілгерілетуде бірлесе еңбек етеміз, – деді облыс әкімі.

Ал «Dutch Clean Tech» компаниясының бас операциялық директоры Яспер Слюймерс өз жұмыстарын көрсетуге мүмкіндік бергені үшін облыс әкіміне алғысын жеткізіп, облыс тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз етуде қос тараптың бірлескен жұмысы маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, компанияның тиімділігі – инвестицияның 100 пайызын өздері тартып, 80 пайыз қазақстандық жеткізушілерге мүмкіндік беретінінде екенін жеткізді.

«Dutch Clean Tech» технологиясының ерекшелігі – толықтай таза суға қол жеткізуге, электр энергиясын пайдалану көлемін 30 пайызға үнемді қолдануға бағытталған. Ал кәріз-тазарту жүйесі тұнбаларының 40 пайызы қарашірік түзуге қайта пайдаланылмақ. Бұдан соң қос тарап ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Алма ЕСЕНБАЙ,

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы