БАНКРОТТЫҚ: КҮҢГЕЙІ МЕН КӨЛЕҢКЕСІ

Уақыты: 22.01.2023
Оқылды: 1385
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақта: «Қарыз күліп келіп, жылап шығады» деген тәмсіл бар. Бабаларымыздың төрт түлікті ата кәсіп етіп, жаз жайлауда, қыс қыстауда көшіп жүрді. Ол кезде тіршілік тауқыметі аз болмады. Бірақ барлық қиындық тек материалдық жетіспеушілікпен өлшенетін. Дегенімен, халық бірде аш, бірде тоқ жүрсе де, қарыз арқалап, кім көрінгенге көз түрткі болмады. Ал бүгінгі тәуелсіз ел атанып, іргемізді бекітіп, әл-ауқатымыз өсіп, мәдениетіміз толықты. Өкінішке қарай, әлем елдерімен әр салада бәсекеге түскен уақытта, қазақ біткен кредит арқалап, күндіз күлкіден ажырап, түнде ұйқысы қашқан жағдайға тап келдік.

Оның түпкілікті себебі – жоспарлы шаруашылықтан мүлде жат нарықтық экономикаға тәжірибе топтамай, ар жақ-бергі жағын зерделемей ауысқанымыз. Соның кесірінен жапатармағай анталаған шетелдің экономикалық тәжірибесі аңқау елдің әптер-тәптерін шығарды. Қарыз алып той жасап, тонды да кредитке ала салатын жомарттық қалыптасты. Тіпті бүгінгі таңда тамақты да несиеге жаздырып алатындардың саны тұрғындардың басым көп бөлегін иеледі. «Алмақтың салмағы бар» емес пе? Ал басып қалған қарызды қайтара алмай есепшоттары бұғатталып, басыбайлы жанға айналғандардың қатары күн санап өсті. Ал шаруасын шалқытамын деп жаңа бизнес идеиясын жүзеге асырмақ болған талай шағын және орта бизнес өкілдері мүмкіндігі мол көрші елдердің кәсіпкерлері тарапынан тұмсығынан шаншылып, банк алдындағы берешегін өте алмайтын жағдайға жетті.

Мемлекет тарапынан да бұл қиындықты еңсеру үшін бірталай ұмтылыстар болды. Өкінішке орай бұл жақсылықта қарыз арқалайтындардың қатарын азайта алмады. Сондықтан бірнеше жылдан бері жеке және заңды тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдау керектігі күн тәртібіне шықты. Көп талқылау, сан сараптау өткен сол бастама ақыры биыл түйінін тарқатып, ҚР «Азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Заң қабылданды. Енді бір-екі ай көлемінде қолданысқа енетін болады. Сондықтан осы заңның күңгейі мен көлеңкесін зерделеп көргенді жөн көрдік.

КҮНГЕЙІ

«Банкроттық» туралы заң шет елдерде әлдеқашан қабылданған және өз тиімділігін көрсетіп үлгерген. АҚШ-та қарыз алушыны банкрот деп тану 3-4 ай ғана уақыт алады. Оның өзінде барлық қарызы кешірілмейді. Азаматтардың 8 жылда бір рет қана өзін банкрот деп жариялауға құқы бар. Ал Ұлыбританияда банкрот болған азамат заңгерлік қауымдастық, жылжымайтын мүлік агенттігі, биржа мен коммерциялық құрылымдарда жұмыс істей алмайды. Мемлекеттік қызметке де шектеу қойылған. Жапонияда да солай. Банкрот болған борышкер адвокат, нотариус, бухгалтер болу құқығынан өмір бойына айрылады. Аустралияда 3,5 мың доллардан артық қарызы бар кез келген жеке тұлға банкрот атана алады. Бірақ бүкіл мүлкі кредиторларға өтеді.

Елімізде осы заңды қабылдау үшін бірқатар қадам жасалды. Айталық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2019 жылы жалпы қарызы 3 млн. теңгеден аспайтын әлеуметтік аз қамтылған топ өкілдерінің 300 мың теңгеге дейінгі несиесі кешірілді. Бұл – бір реттік шара еді. Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге шектеу қойылды. Бірақ бұл қадамда елдің еңсесін басқан кредиттен құтқаруға қауқарсыз болды.

Аталмыш заңда жеке тұлғалардың банкроттығы үш түрлі тәсілмен рәсімделеді. Олар қарыз сомасы мен кредит бойынша төлемді кешіктіру ұзақтығы бойынша ерекшеленеді. Айталық, бірінші жағдайда азаматтар сот арқылы қарызды өтеу жоспарын бекіте алады. Ол үшін қарыз сомасы 5 миллион теңгеден аз болуы қажет. Сондай-ақ, банкрот атануы үшін борышкер мен кредитордің келісімі керек. Мұны сот қарауынан тыс орындауға болады. Ол үшін құжаттарды қабылдағаннан кейін мүліктің жоқтығы, кешіктіру мерзімінің сақталуы және басқа да деректер автоматтандырылған жүйе арқылы тексеріледі. Азамат соттан тыс банкроттыққа өтінішті "электрондық үкімет" веб-порталы немесе "Е-салық азамат" қосымшасы арқылы жолдайды. Ал сот арқылы жеке тұлғалардың банкроттығын тану 5 млн. теңгеден жоғары өтелмеген берешекке қатысты болады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі аукцион арқылы сатылады. Аукционнан түскен қаражат белгіленген тәртіппен кредиторлар алдындағы қарызды өтеуге жұмсалады. Егер борышкердің баспанасы кепілзат ретінде қойылған жағдайда кредитор оны тек сот арқылы банкроттық тану барысында ғана тәркілей алады. Егер баспана кепілзат ретінде қойлмаса, онда кредит ұсынушы тарап оны талап ете алмайды.

Мейлі соттан тыс немесе сот арқылы банкроттықты рәсімделсе де ол ұзақ жылдар боыршкер болып жүрген адамның өтелмеген қарызын өтеп, бір жеңілдеп қалуына мүмкіндік береді. Демек, қарыздан құтылып, кең тыныстап, жаңа армандарға жол ашылады. Әрнәрсенің екі жағы болатыны сияқты банкроттықтың да көлеңкелі тұстары бар.

КӨЛЕҢКЕСІ

 Елдегі қиын экономикалық ахуалға, жалақы көлемінің өспеуіне байланысты банкроттық туралы заң бізге үлкен қауіп әкелетін заңға айналып кетуі ықтимал. Егер көптеген қазақстандық өзін банкротпын деп жарияласа, бұл инвесторлардың күдігін оятады. Яғни елде шынайы экономикалық жағдай нашар, халықтың төлем қабілеті төмен, ертең бизнес ашсақ халық тарапынан сұраныс болмайды деген қорқыныш туады. Ал аталмыш заң «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламаларының атқарылуына да кедергі елтіруі мүмкін. Мұндай шектеулер мемлекеттік бағдарламаларға кері әсерін тигізері анық.

Соттан тыс банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі борышкер туралы мәліметтер уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастырылған күннен бастап банкрот деп танылған жеке  тұлғаның өсімпұл айыппұл және сыйақыны есептеу тоқтатылады. Банкроттықтың мерзімі 7 жылды құрайды. Осы уақытта ең төменгі күнкөріс шамасынан аспайтын мөлшерде қарыз алу бойынша мәмілелерді қоспағанда, қарыз алу, кепілдік пен кепілгерліктер беру жөнінде мәмілелер жасауға тыйым салынады. Сонымен қатар, шетелде емделу, емдеуге жақын туыстарын алып жүру және жақын туыстарын жерлеу жағдайларын қоспағанда, борышкердің Қазақстан аумағынан тыс жерлерге шығуына тыйым салынады. Сондай-ақ, борышкер борышты өтеуге мүмкіндік беретін мүлікке ие болғанда немесе жұмысқа тұрып, тұрақты жалақыға жеткенде соттан тыс рәсімделген банкроттық тоқтатылып, бұрынғы борышын бөліп төлеуге міндеттеледі. Егер мүлік туралы ақпаратты жасырса, мүлікті өз иелігінен шығарса немесе жойса, басқаның иелігіне берсе, мүлік туралы мәліметтер бар құжаттарды жасырса, жоюса және бұрмалау фактілері анықталса, тұрақты жұмысқа орналасқанын жасыруға тырысса, онда заңмен қудаланады.

Заң талаптарына сай борышкердің мүліктік массасына кіретін мүліктерді қаржы басқарушы электрондық аукцион өткізу немесе тікелей сату әдісімен сатады. Түскен ақша қаржы басқарушы ашқан арнайы банк шотында болады. Содан соң ақша борышкердің берешектерін өтеуге жұмсалады. Осы тұста борышкердің мүлкі аукцион арқылы сатылатынын ескергеніміз жөн. Мысалы, борышкердің 10 млн.теңге өтелмеген борышы болса, оның баспанасы банк арқылы сатылып, жетпеген сомаға ғана банкроттық рәсімделеді. Демек, тұрақты мүліктің бағасы нарықтағы бағадан төмен саудаланып кетуі де мүмкін. Осы тұста борышкердің тағы да ұтылмасына кім кепіл?

ҚАЙТПЕК КЕРЕК?

Біз ҚР «Азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заңның атқарылуын құптаймыз. Алайда, «алмақтың да салмағы бар» дегендей, әр нәрсенің сұрауы болатыны анық. Арамызда: «Бір мезеттік қиындықтан құтылсам болды» деп жеңіл ойлайтындар аз емес. Алайда, оның артындағы ауыр қатерді де кәперімізге ілгеніміз абзал. Кезінде Америкалықтардың арасында: «Қытайлар 10 доллар тапса, жартысын тұрмысқа жұмсап, қалғанын банкке сақтайды» деген қағытпа сөз тараған. Сол қытайлар бүгін алпауыт Американың экономикасын шеңгелдеп отыр. Бұл қытайлық экономиканың өркендеудегі басты әдісі. Оның жанында жағасы жайлау, қонышы кеніш болып жүретін, біздің дарқан пейілді қандастарымыз неге тұрады. «Көрпеңе қарай көсілу» керектігін үйретіп, сән-салтанатқа, бәсекелестікке, жалған намысқойлыққа бой ұрмай, тұрмысты үнемшілдікпен басқаратын құндылыққа бейімдеудің күні туып тұр. Оның ең басты жолы –қаржылық сауаттылықты үйрету.

Қажет АНДАС,
Жетісу облысы