ДҮКЕН САЛҒЫСЫ КЕЛЕТІНДЕРГЕ СУБСИДИЯ БЕРІЛЕДІ

Уақыты: 20.01.2023
Оқылды: 1695
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Дүкен салғысы келетін кәсіпкерлерге субсидия беру жоспарланып отыр. Мақсат – дүкендегі тауар бағасының қымбаттауына жол бермеу.

Үкімет облыс орталықтары мен моноқалаларда заманауи сауда орталықтары мен көпфункционалды сауда кешендерін салуға немесе жаңғыртуға ниетті кәсіпкерлерге мемлекеттік субсидия беру көзделуде. Бірақ, бұл санатқа сауда ойын-сауық орталықтары жатпайды.

Жоба бойынша салынатын немесе жаңғыртылатын сауда орталықтары бірқатар талапқа сай болуы шарт. Мәселен, сауда алаңының аумағы кемінде 1 мың шаршы метр болуы керек. Дүкен көтерме емес, бөлшек саудамен айналысуы тиіс. Сауда алаңында азық-түлік, оның ішінде әлеуметтік азық-түлік сататын орындар, сондай-ақ әкімшілік-тұрмыстық, қойма бөлмелері болуы міндетті.

Бүгінде елде заманауи үлгідегі сауда алаңдары тапшы. Оған қоса, сауда алаңдарын сатып алу және жалдау құны өте жоғары. Бұл жағдайдың бәрі дүкендердегі тауар бағасының қымбаттауына әкелуде. Осыған орай, Үкімет жоғарыда аталған талаптарға сай келетін сауда орталықтарын салуға ниет білдірген кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау арқылы дүкендегі баға мәселесін реттемек.

Мемлекеттік субсидиялау 2021– 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асырылады. Жоба 26 қаңтарға дейін қоғам талқысына түседі.

Айгүл Байжұмақызы