Шаруалар тілегіне құлақ түрді

Уақыты: 19.01.2018
Оқылды: 1563
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының екінші есеп беру конференциясы өтті. Оған аталған салаға жауапты лауазымды тұлғалар мен мамандар, одақ мүшелері, аудан, қалалардан келген ауылшаруашылығы тауар өндірушілері, шаруа қожалықтарының басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды. 

Жиынға келген қонақтар алдымен ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдері қойылған көрмені тамашалады. Осы сала бойынша Жетісу жерінде жүзеге асырылып жатқан іргелі істер мен толайым табыстар, жеткен жетістіктер де жиналғандар назарына ұсынылып, телекөрсетілім арқылы таныстырылды. Бейнефильмде өңір экономикасының негізгі тірегі – ауылшаруашылығы саласының әрдайым басты назарда екендігі, сондай-ақ аграрлы аймақта егін егіп, төрт түлікті көбейтуде, жеміс-жидек пен көкөніс өсіріп, өндірілген өнімдерді қайта өңдеуде, қызылша өсіріп, қант шығаруда тындырымды тірліктердің аз еместігі паш етілді. 
Бұдан соң Қазақстан фермерлер одағы облыстық филиалының төрағасы Ақшабай Керімбеков жиынды ашып, күн тәртібінде қаралатын негізгі мәселелермен таныстырды. Келесі кезекте ҚФО облыстық филиалының екі жылда атқарған жұмыстарының есебі тыңдалып, ауылшаруашылығы саласын өркендетудің тетіктері қарастырылды. Онда белгілі болғандай, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр облыс бойынша ауылшаруашылығы құрылымдарына республикалық және жергілікті бюджеттен 38,3 млрд. теңге көлемінде қаражат қарастырылып, оның 29,3 млрд. теңгесі субсидия ретінде берілген. Бөлінген қаражат толығымен игеріліп, мақсатты жұмсалыпты. 

Өңірде бес ауданда жеміс-жидек пен алма бақтарының бактериялық күйікке ұшырағаны белгілі. Осыған байланысты ҚФО съезінде ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің көмегіне жүгініп, нәтижесінде алдыңғы жылдың наурыз айында министрлік комиссиясы ғалымдармен бірге келіп, жетісулық фермерлермен бас қосып, іс-шаралар жоспарын бекіткен. Егістік жерлерге берілетін су бағасын субсидиялау, реттеу сияқты мәселелер де назарға алынып, Салық кодексі талқыланған. Барлық аудан, қалаларда жиындар өткізіліп, фермерлердің талап-тілектері тыңдалған. Шаруаларды мазалайтын мәселелерге де ден қойылып, ұсыныстары билік органдарына жеткізілген.     
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешен алдына заманауи міндеттер қойылды. Осыған байланысты атқарылатын жұмыстар да тілге тиек етілді. Аталған саланы қаржыландыру бойынша жүргізіліп жатқан іргелі істерге де ден қойылды. Сонымен бірге Елбасының кооперация жүйесін дамытуға қатысты берген тапсырмасы негізінде екі жүзге жуық кооператив құрылғаны белгілі болды. 
Осыған байланысты Қазақстан Фермерлер одағының жетекшiсi Әуезхан Даринов, Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігінің басқарма басшысы Ермек Абуов, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Серік Кененбаев, облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, ҚФО облыстық филиалы төрағасының орынбасары Сейілхан Нұрашев, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Саят Сақмолдин сөз сөйлеп, хабарлама жасады. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директорлары да өздерінің ойларын айтып, пікірлерімен бөлісті. 
Салаға қатысты мазалап жүрген көкейкесті сауалдарын ортаға тастап, талап-тілектер мен ұсыныстарын жеткізген шаруа қожалықтарының иелері де өздеріне қажет мағлұматтарға қанығып, тұшымды жауаптар алды. Мемлекеттік қолдаулардың қолжетімділігі, сапалы тұқым, демеуқаржы, несие, жер, су, ауылшаруашылығы техникаларын жаңарту, шаруа қожалықтарының басын біріктіріп, кооперативтер құру, ғылыммен байланысты нығайту, агроөнеркәсіп кешенін өркендету, егіс көлемін ұлғайту секілді мәселелер де жан-жақты қозғалып, шешілмей жатқан түйінді проблемалардың күрмеуін тарқату жолдары қарастырылды. 
Фермерлердің Көксу қант зауытының жұмысына, суармалы жерге пайдаланған сулары үшін субсидия ала алмайтынына, су бағасының негізсіз көтеріліп, қымбаттауына көңілдерінің толмайтыны, бос жатқан жерлердің толық игерілмей жатқаны осы жиында сөз болды. Басқа кемшіліктер де сараланып, оны алдағы кезде болдырмаудың амалдары пысықталды. Осының бәрі одақ назарына ілікті. 
Егін егіп, мал бағатын ағайынның талап-тілектеріне құлақ асқан Әуезхан Камешұлы олардың көкейкесті мәселелерін Үкіметке жеткізу мақсатында жұмыс істеп отырғандарын, одақтың бүгінде ауылшаруашылығы саласын дамытуға айтарлықтай үлес қосып жүргендерін, одаққа мүше болып қосылудың тиімділігін және ауыл фермерлерінің осындай басқосуларға жиі қатысуының пайдасы зор екендігін әңгімеледі. 
Ауыл шаруаларының көкейкесті мәселелері мен ұсыныс-тілектеріне зер сала отырып сараптамадан өткізіп, республика деңгейінде шешілетін проблемаларды Қазақстан Республикасының Ауылшаруашылығы министрлігі мен одақ басшыларына, облыстық деңгейдегі мәселелерді жергілікті атқарушы органдардың қаперіне салып жүргендерін алға тартқан Ақшабай Дүйсенбекұлы одақ мүшелерінің санын арттырып, белді ұйымға айналдырудың маңыздылығын атап өтіп, осы бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да ретімен жалғасатынын жеткізді.
Басқосу барысында еңбек озаттары мен ардагерлер марапатталды. Осы ретте еселі еңбегімен көзге түскен «Самай» шаруа қожалығының иесі Еркімбек Слямов Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігінің «Ауылшаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 
Енді бір топ шаруа қожалығының басшыларына аталған министрліктің Құрмет грамотасы мен Ардагерлер кеңесінің «Құрметті ардагері» медалі табысталды. Қазақстан Фермерлер одағы тарапынан ұсынылған грамоталар мен облыстық ауылшаруашылығы басқармасы және қала әкімінің Құрмет грамотасын, Алғыс хатын иеленген фермерлер де аз болған жоқ. 
Жиын соңында ҚФО облыстық филиалы кеңес мүшелерінің құрамы мен төрағасы және бақылау комиссиясының мүшелері қайта сайланды. Нәтижесінде ҚФО облыстық филиалының төрағасы болып бірауыздан Ақшабай Керімбеков сайланды.

 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА