ШЕҢГЕЛДІГЕ ҚАНТ ЗАУЫТЫ САЛЫНА МА?

Уақыты: 01.02.2018
Оқылды: 1672
Бөлім: ЭКОНОМИКА

 

Алматы облысында тәтті түбір қабылдайтын тағы бір зауыттың құрылысы басталуы мүмкін. Нақтырақ айтқанда, Қапшағай қаласына қарасты Шеңгелді ауылдық округі маңында шағын қант қызылшасы зауытын салу қажеттілігі туындап отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациалар қызметінде «Қапшағай қаласының экономикалық әлеуметтік ахуалы» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Қапшағай қаласының әкімі Талғат  Қайнарбековтың айтуынша, ауылшаруашылығын дамытуда мол мүмкіндікке ие Шеңгелді төңірегінде пияз өсірумен аты шыққан елді мекендер бар. Қазір бұл маңдағы тұрғындар тәтті түбір өнімін өсіруге де ынталы. Оның айқын көрінісі, айналасы бірер жылдың ішінде балтамыр баптауға талпынған шаруа қатары тез көбейген. Соның есебінен Қапшағай қаласы биыл 700 гектар жерге қант қызылшасын егеді деп жоспарлануда. Бұл меже былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 200 гектарға артық болып отыр. Брифингте Талғат Қанатұлы облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ өзі шағын зауыт салу туралы бастама көтергенін жеткізді. Қапшағай басшысы мұның себебін тәтті түбір тасымалдау мәселесінде Көксу қант зауыты осы аймақтан қашықтығымен байланыстырды. Айта кетейік, Шеңгелдіде қант зауытын ашу жайлы әңгіме облыс әкімінің Қапшағайға кезекті сапарының бірінде қозғалған.

Қозыбай ҚҰРМАН