инвестиция тарту мәселесі қаралды

Уақыты: 03.03.2018
Оқылды: 1178
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инвестиция тарту мәселесі талқыланды. Сонымен қатар орта білім беру ұйымдарын жаңартылған мазмұнға көшіру жайы қаралып, Ақтөбе агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық сызбасы мақұлданды.

Алғашқы болып есеп берген ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек биыл елімізде инвестициялық 11 жобаны жүзеге асыру басталып, жыл соңына дейін оның алтауын іске қосу жоспарланып отырғанын, ал жалпы қаражаты 47,8 млрд. долларға тең 145 инвестициялық жобаның дайын тұрғанын атап өтті. Бұл қатарда Алматы облысы бойынша жүзеге асатын 5 жоба бар. 
Келесі кезекте сөз алған ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді Мемлекет басшысының экономикалық дипломатияны дамытуға ерекше көңіл бөлетінін, шетелдерге барған ресми сапарларында шетелдік бизнес қауымдастықтармен жеке кездесулер өткізіп, коммерциялық келісімдер жасап қайтатынын тілге тиек етті. Бұл ретте сыртқы саясат ве- домствосының атқарар қызметі зор екенін айта келіп, аталған жұмыстың алдағы уақытта да табысты жалғасын табатынын жеткізді. 
Отырыста инвестиция тарту тақырыбында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Ауылшаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев қосымша баяндама жасап, өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар жайында есеп берді. 
Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе – орта білім беру ұйымдарында жаңартылған мазмұнға көшу туралы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндады. Министр атап өткендей, бүгінде мектепте білім беруді жаңартылған мазмұнға көшіру басталды. Жалпы білім беретін мектептерге жаңартылған бағдарламаны енгізбес бұрын Назарбаев зияткерлік мектептерінде, сондай-ақ 30 пилоттық мектепте сынақтан өткізілді. Сынақ нәтижесі бойынша пилоттық мектептердегі білім беру сапасының орташа балы екі есеге өсті. Биылғы 1 қаңтардан бастап жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламаларымен оқытуға көшкен мұғалімдердің лауазымдық еңбекақылары 30 пайызға артты. Демек, биыл 200 мыңнан астам педагог немесе қазақстандық мұғалімдердің 70 пайызы жоғары жалақы алады.
Сонымен қатар төрт жылда бір рет оқулықтарды міндетті сатып алу бойынша норманың алып тасталғанын, білім беру стандарттары мен оқыту бағдарламаларында тек едәуір өзгерістер болған жағдайда ғана кітаптардың қайта шығарылатынын, ендігі ретте әкімдіктер оқулықтардың қажетті санын ғана сатып алуға құқылы екенін айта кетті. Демек, наурыз айында келесі оқу жылына қажетті оқулықтар тізімі қалыптастырылады, сәуірде әкімдіктер оларды сатып ала бастайды. Ал, баспаханалар оқулықтардың электрондық нұсқасын ұсынатын болады.
Ерлан Сағадиев жаңартылған мазмұнға көшу кестесінде өзгерістердің орын алғанын айта кетті. «Басында жаңартылған мазмұндағы бағдарламаны 0 сыныпта 2019 жылы енгізу жоспарланған еді. Бүгінде мұғалімдерді даярлаудың бірыңғай бағдарламасы мен кестесі дайын, оқулықтар сараптамадан өтті. Бірақ, олардың бәрі кириллицада. Енді 0 сыныптардың шамамен 400 мың оқушысына оқулықтар басып шығару қажет. Латын қарпіне көшуге байланысты аталған оқулықтарды бірден латын қарпінде басып шығару орынды деп есептейміз. Бұл қаржылай жағынан да тиімді болмақ», – деді ол.
Жиынды қорытындылаған ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев білім беру саласындағы болып жатқан өзгерістердің қоғамда түсінбестік тудырып, ата-аналар және Парламент депутаттары тарапынан сын айтылып жатқанын еске салды. Осыған байланысты жұмыс тәсілдерін қайта қарауды, Білім және ғылым министрлігіне Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірге өткізіліп жатқан реформалар бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Ал облыс әкімдеріне мектептерді қуаттылығы жоғары кең жолақты интернет желісімен толықтай қамтуды, өңірлерге инвестиция тарту мәселелерін қатаң бақылауды міндеттеді. 
Айта кетерлігі, бұл Үкімет отырысында министрлер таза қазақ тілінде баяндама оқыды. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Парламент пен Үкіметтің қызметі тек мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс» деген мәлімдесі себеп болды. 

 

Алма ЕСЕНБАЕВА