ЕҢБЕГІ БАРДЫҢ ӨНБЕГІ БАР

Уақыты: 25.06.2024
Оқылды: 283
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті — еңбек саласында, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен халықты әлеуметтік қорғау саласындағы іскеасырушылық және бақылау функцияларын өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ведомствосы. Аталған комитеттің атқарған жұмысы, алдағы жоспары туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің Жетісу облысы бойынша департамент басшысы Зайда Илимжанова әңгімелеп берді.


– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің Жетісу облысы бойынша департаментімен қандай мемлекеттік қызметтер көрсетілетінін түсіндіріп өтсеңіз? 
– Қазіргі таңда Департамент тарапынан 267 226 адамға зейнетақы және әлеуметтік төлем түрлерінің 41  түрінен  ай сайын республикалық бюджеттен 15 млрд. 558,4 млн. теңге төленіп отыр. Оның ішінде, 91 678 – жасына байланысты зейнеткер, 21 152 көпбалалы отбасы, 19 086 мүмкіндігі шектелген азамат, 10 339 көпбалалы ана, 8 001 асыраушысынан айырылған азамат бар. 

– Зейнетақы тағайындау тәртібі туралы бар құжаттар бойынша кеңесті алдын ала алуға бола ма? 
– Зейнетақы төлемдерін тағайындау бойынша өтінімдер түскен кезде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және мерзімін қысқарту  мақсатында «Азаматтарға арналған» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен зейнетақы төлемін алдын ала есептеу мәселелері бойынша азаматтарға кеңес беру жүзеге асырылады. Өтініш беруші кеңес алу және алдын ала есептеу үшін зейнетақы жасына жетуге дейінгі үш ай бұрын еңбек өтілін растайтын, құжаттармен бірге «Азаматтарға арналған» Мемлекеттік корпорациясы»  КЕАҚ филиалының әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне жүгіне алады.

– Еңбек кітапшасын толтыру кезінде қате жіберген болса, зейнеткерлікке шыққанда қандай мәселелер туындауы мүмкін?
– Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 232 бұйрығының 6 тармағының 3 тармақшасына сәйкес, еңбек кітапшасында тиісті жазбалар, болмаса, түзетулер және оқылуында әртүрлілік болса, архив мекемелерінен немесе жұмыс орнынан анықтамалар алу арқылы және сот шешімдерімен растай алады.

– Қандай да бір жәрдемақы немесе зейнетақы төлемін алатын алушы қайтыс болған жағдайда мемлекет тарапынан ақшалай төленетін көмек көрсетіле ме? 
– Иә, бұл көмек түрі қарастырылған. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алушы немесе мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды алушы қайтыс болған жағдайда оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға «Республикалық бюджет туралы» Заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 35 еселенген мөлшерінде жерлеуге арналған біржолғы төлем жүргізіледі, бүгінгі күні бұл төлем  129 220 теңгені құрайды. Егер, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алушы Ұлы Отан соғысының ардагері болса, оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға «Республикалық бюджет туралы» Заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 36,6 еселенген мөлшерінде, яғни, 135 127,2 теңге жерлеуге арналған біржолғы төлем тағайындалады. 

– «Зейнетақы төлемдері» деп айтып жатамыз, осы зейнетақы неше төлемнен тұрады және табыс қалай есептеледі?
– Қазіргі таңда азаматтар зейнеткерлік жасқа толған кезде 3 түрлі зейнетақы төлемдеріне өтініш білдіре алады. Олар жасына байланысты зейнетақы төлемдері, базалық зейнетақы және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері. Жасына байланысты зейнетақы төлемін алу үшін 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде 6 ай еңбек өтілі болуы қажет. Зейнетақы мөлшері еңбек өтіліне және 1998 жылдан кейінгі кез келген 3 жылдағы орташа айлық табысына тікелей байланысты болады. Еңбек өтілі еңбек кітапшасымен расталады, еңбек кітапшасы немесе онда тиісті жазбалар болмаған кезде жұмысы туралы мәліметтерді растайтын құжаттар не соттың шешімі негізінде белгіленеді. Орташа айлық табысты айқындау үшін қазіргі кезде табыс туралы анықтама талап етілмейді, ақпараттық жүйе арқылы ең тиімді кезең таңдалынып алынады. Бұл орайда «Зейнетақының ең төмен мөлшері» деген ұғымға тоқтала кеткен дұрыс деп ойлаймын. Зейнетақының ең төмен мөлшері – «Республикалық бюджет туралы» Заңда тиісті қаржы жылына белгіленген зейнетақының ең төмен мөлшері, биылғы жылға 57 853 теңгені құрайды. Бұл бекітілген мөлшерде зейнетақы тағайындалуы үшін 1998 жылдың 1 қаңтарына ер адамда 25 жыл, әйел адамда 20 жыл еңбек өтілі болуы тиіс. Еңбек өтілі толық емес болған жағдайда бар өтіліне пропорционалды түрде жүзеге асырылады. Базалық зейнетақы төлемі жалпы еңбек өтіліне қарай минималды және максималды түрде тағайындалуы мүмкін. 2024 жылға жалпы еңбек өтілі 10 жыл немесе одан аз болған жағдайда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65 пайызы, жалпы еңбек өтілі 30 жыл немесе одан жоғары болған кезде  ең төменгі күнкөріс деңгейінің 105 пайызы тағайындалады. Әлеуметтік кодекстің 206-бабында базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 120 пайызына дейін жыл сайын қосу арқылы ұлғайту қарастырылған.

– Еңбек өтілі маңызды екенін жақсы білеміз, бірақ бала күтімімен үйде отырып қалған аналардың жайы қалай болады?
– Жұмыс істемейтін аналарға еңбек және базалық зейнетақыны тағайындаған уақытта әр бала үшін 3 жыл, жалпы 12 жылдан аспайтын еңбек өтілі есептеледі. Ал бала күтімі бойынша демалысқа шыққан жұмысбасты аналарға зейнеткерлік жарнасын жоғалтпау үшін бір жарым жыл көлемінде республикалық бюджеттен әлеуметтік төлем жасалады. 

– Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны кім ала алады және жәрдемақы мөлшері отбасының кірісіне байланысты бола ма? 
– Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасылар. Жәрдемақы отбасының табысына қарамастан тағайындалады. 

– Асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемді кімдер алады, төлем қалай төленеді?
– Асыраушысынан айырылған жағдайда мемлекеттен тағайындалатын әлеуметтік төлемдерге Қазақстан азаматтарынан бөлек, елімізде тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар да құқылы. Айта кетейік, асыраушысынан айырылған кәмелет жасына толмаған бала жәрдемақы алу құқығын басқа біреулер асырап алған жағдайда да сақтайды. Бұған қоса, колледждер мен университеттерде оқитын отбасы мүшелері 23 жасқа толғанға дейін әлеуметтік төлем алуға құқылы. Ал ата-анасынан айырылған бала үшін жәрдемақы оның ресми өкіліне беріледі. Әлеуметтік төлем мөлшері отбасы мүшелерiнiң санына қарай тиiсiнше ұлғайтылады немесе азайтылады. Және отбасы мүшелерінің саны өзгерген жағдайда есептеу қайта жасалады. Асыраушылардың, яғни ата-ананың екеуі де қайтыс болған жағдайда төлем оның балаларын асырап алушыға (қорғаншы) төленедi. 
– Сұхбатыңызға көп рахмет! Жұмысыңызға береке тілейміз. 

Әңгімелескен Еңлік КЕНЕБАЙ