КӘСІПКЕРЛІККЕ КЕҢ ӨРІС

Уақыты: 07.09.2024
Оқылды: 301
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың тұрмысын жақсартуды көздейтін жүйелі экономикалық өзгерістерге баса назар аударылды. 


Президент Үкімет пен әкімдердің экономика құрылымын өзгертуге көңіл бөлуі тиіс екенін, еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастыру қажеттігін және азаматтардың табысын арттыру – басты міндеттің бірі болып отырғанын, осы ретте жұмысты дұрыс үйлестіре білсе, бұл қолдан келетін шаруа екенін назарға алды. Сонымен бірге 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15 пайызға жеткізу және бұл Үкімет алдында тұрған маңызды міндеттің бірі саналатынын сөз етті. Сондықтан, біз, яғни, кәсіпкерлер осыған жету жолында әлі де тер төгуіміз керек. 

Бүгінде кәсіпкерлерді қолдау шараларының жүзден аса түрі бар. Осыған байланысты ел президенті мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеріп шығуды, әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отырудың маңыздылығын, сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болатынын жеткізді. Бұдан басқа Жолдауда жүзге жуық түрлі бастама мен ұсыныстар және тапсырмалар бар. 

Мысалы, Үкіметке тұрғындарды және экономиканы қажетті көлемде газбен қамтамасыз ету тапсырылды. Сол себепті мұнай, газ, химия саласын одан әрі дамыту маңызды міндет етіп жүктелді. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, бутадиен, карбамид, терефтал қышқылын өндіруге арналған болашағы зор басқа да жобалардың қолға алынып жатқанын, полипропилен мен полиэтилен шығаратын ірі өндірістік жобалардың жүзеге асырыла бастағанын айтты.     
Қасым-Жомарт Кемелұлы, жалпы, отандық бизнеске және шетел инвесторларына жол ашу – Үкімет пен барлық мемлекеттік органның міндеті саналатынын, олардың, яғни, бизнестің және инвесторлардың заңды қызметіне кедергі жасау аса ауыр құқықбұзушылық болып есептелетінін және мұндай әрекетке жол бергендер тиісті жазасын алатынын назарға салды. 

Римма Салықова, 
облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрайымы