Егін жинау маусымында алма импорты болса, қазақстандық бағбандар өнімді өткізуде қиындықтарға тап болады екен. Сәйкесінше, бағбандардың қаржылық жағдайы нашарлайды.
Сонымен қатар фермерлер импорттық өндірушілер тарапынан демпингке ұшырауда, жоғары бәсекелестік импорттық өнім отандық өндірушілердің рентабельділігін төмендетеді.
Қазақстанда бау-бақша шаруашылығын, отандық алма өндірісін дамыту үшін субсидиялар, жеңілдікті кредит беру түрінде мемлекеттік қолдау шаралары қабылданды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда алма бойынша қамтамасыз ету 62,9%-дан 80%-ға дейін өсті.
"Отандық алма өндірісін қолдау және отандық өнімді өткізуді қамтамасыз ету мақсатында Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін автомобиль көлігімен үшінші елдерден алма әкелуге тыйым салуды енгізуді мақұлдады", – делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Еске салайық, алма әкелуге тыйым салу тек егін жинау кезеңінде ғана енгізілген. Осылайша, отандық бағбандарға жиналған өнімді сақтауға және оны қолайлы бағамен сатуға мүмкіндік береді. Маусымаралық кезеңде алма импорты шектелмейді.
Шектеу ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден алма әкелуге және Қазақстан аумағы арқылы халықаралық алма транзитіне әсер етпейді.
Айта кетейік, бұйрық 2024 жылғы 8 қазанда, яғни кеше ғана күшіне енді.
Фото: istockphoto.com