ЖҰМЫС КЕСТЕСІ БЕКІТІЛДІ

Уақыты: 17.05.2018
Оқылды: 1099
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВТЫҢ төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.

 

   Отырыс барысында экологиялық ахуалды жақсарту және «Жасыл экономикаға» сапалы көшуді қамтамасыз етудің тұжырымдамалық тәсілдері, Қазақстанның «Жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманың 2013 – 2020 жылдарға арналған іс-шара жоспарын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, кеңестің өткен жылғы 19 қазандағы хаттамасының орындалу нәтижелері қаралып, осы жылы атқаратын жұмыс жоспарының кестесі бекітілді.
Күн тәртібі бойынша ҚР Экологиялық ұйымдарының қауымдастығы төралқасының төрайымы Әлия Назарбаева, Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов, ауылшаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, «KazWaste» қазақстандық қалдықтарды басқару қауымдастығының атқарушы директоры Вера Мұстафина, «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығының директоры Б. Есекина, «Оператор РОП» ЖШС бас директоры С. Коротенко, тағы басқалар  сөз сөйледі. БҰҰДБ-ның «Жасыл экономикаға» көшудегі тәжірибесі туралы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Норимасе Шимомура  айтып берді.
   Отырыста облыс басшыларына да сөз беріліп, өңірлердегі «Жасыл экономикаға» көшу бағытында атқарылған жұмыстар жайлы ақпарат алынды. Осы ретте Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев баяндама оқыса, Алматы қаласы мен Ақтөбе, Атырау облыстарының басшылары ұсынысын ортаға салды. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Энергетика министрлігі тарапынан анықталған облыстардағы «Жасыл экономикаға» көшу бағытында атқарылған жұмыс сапасын көрсететін рейтингтің нәтижесіне көңілі толмайтынын білдірді. Оның айтуынша, министрлік қалыптастырған рейтинг жергілікті жерде атқарылған жұмыспен мүлде сәйкес келмейді. Министрліктің өңірлік жағдайды жіті тексермей-ақ қорытынды жасай салғанын алға тартты. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев та бұл пікірмен келісетінін білдірді. Әр тараптың уәжін тыңдаған Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев  ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың бұл мәселені қадағалап, оң қорытынды жасауды тапсырды.
   Астанада өткен селекторлық жиналысты облыс әкімі Амандық Баталов пен оның командасы онлайн режимінде тыңдап, әр айтылған мәлімет пен ұсынысты қалт жібермей бақылап отырды. Отырыстан кейін облыс басшысы көпшілікке өңіріміздегі «Жасыл экономикаға» көшу бағытындағы жетістіктерді айтып, алдағы міндеттерді саралады. Сондай-ақ, Елбасы тікелей қадағалап отырған жұмыс барысында қол жеткізген көрсеткіштерді төмендетіп алмауды тапсырды.

Қажет АНДАС.