ШВЕЙЦАРИЯЛЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 17.05.2018
Оқылды: 1047
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ Швейцарияның Тичино кантонынан келген делегациямен кездесті. Басқосуда қос тарап кәсіпкерлік саласын өркендетіп, іскерлік қарым-қатынасты нығайту жөнінде сөз өрбітті.

 

   Амандық Ғаббасұлы алыстан ат терлетіп келген қонақтарға аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму барысын таныстырып, инвестициялық мүмкіндіктері мен жетістіктерін айтып берді.
– Жетісу жеріне қош келдіңіздер! Мен жұмыс барысымен сіздердің елдеріңізге барып, танысып қайтқан едім. Швейцария керемет ел, табиғаты да тамаша! Экономиканың өсу қарқыны да жаман емес. Әр салада даму байқалады. Құрылыс пен кәсіпкерлікті өркендетуге мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдаулар бар екен. Әсіресе, қоқысты іріктеу, сұрыптау және қайта өңдеу, коммуналдық қызмет көрсету сияқты жұмыстарға ерекше көңіл бөлінген. Бұл салада іс-тәжірибелеріңіз мол. Ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін шағын кәсіпорындар да бар. Баламалы қуат көздерін дамытуға да айрықша назар аударылыпты. Туризмде көш ілгерісіздер. Сондықтан, сіздерден үйренеріміз көп. Жетісу өңірі елдегі ірі облыстардың бірі саналады. Табиғаты да ерекше. Швейцарияға ұқсас келеді. Бізде таулы аймақтар жиі кездеседі. Тау шаңғысы базалары бар, альпинизм даму үстінде. Жақында облысқа ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келіп кетті. Елбасы ауылшаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлік, өнеркәсіп, туризм салаларын өркендету мәселелеріне ден қойды. Облыс аграрлы аймақ болғандықтан ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруде республика бойынша алдыңғы қатардан көрінуде. Мал шаруашылығы да жақсы дамыған. Бүгінде бізде бірнеше индустриялды аймақтар бар. Онда қазір әртүрлі шетелдік компаниялар жұмыстар жүргізуде. Аталған аймақта шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдайдың бәрі қарастырылған. Соңғы үш жылда аймаққа тоғыз трансұлттық компания келді. Мәселен, голландықтар картоп, немістер мен ирандықтар мал етін, ресейліктер көкөніс өңдеуге кірісіп жатыр. Швейцариялық кәсіпкерлер келіп экономикамызға тиімді жобалар ұсынып жатса, қуана қолдауға дайынбыз. Бізбен серіктестік сіздер үшін де тиімді болады деген сенімдеміз. Сондай-ақ, облыс Ұлы Жібек жолының бойында жатыр. Әлемде теңдесі жоқ Құрғақ порт жұмыс істеп тұр, – деді облыс басшысы. Бұдан соң швейцариялықтар да өздерінің ойларын айтып, пікірлерімен бөлісті.
–Швейцария Қазақстанмен баламалы қуат көздерін дамыту бойынша іс-тәжірибелерімен бөлісе алады. Бізде мұнай қоры жоқ. Сол себепті су, жел, күн көзінен қуат алу жақсы дамыған. Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу ісінде де жетістіктеріміз жоғары. Қай-қайсысын қаласаңыздар да өркендетуге дайынбыз. Ал бізді көкөніс пен жеміс өңдеу ісі қызықтырып отыр. Кәсіпкерлеріміз қазір бар мүмкіндіктерді жете зерделеп жатыр. Сондықтан бұл кездесу нақты істерге ұласады деген ойдамыз, – деді Швейцарияның Қазақстандағы Елшісі Урс Шмид.
   Кездесу соңында қос тарап өзара шынайы ықыластарын білдіріп, естелік сыйлықтар табыс етті. Швейцариялық делегация Талдықорған қаласындағы Көрме кешенінде де болып, облыстық кәсіпкерлер палатасының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Сонымен бірге жергілікті бизнес өкілдерімен кездесіп, өзара іскерлік қарым-қатынас жайында әңгіме өрбітті.  
    Айта кетейік, Швейцария елге инвестиция құю жөнінен ең үздік үштікке кірген мемлекеттердің бірі. Екі жақты іскерлік қарым-қатынас орнағалы бері де он бес жыл, ортақ жобалар құны да қомақты қаражатты құрайды. Бүгінде Қазақстанда қырықтан астам швейцариялық компания жұмыс істейді. Өткен жылы Тичино кантоны кеңесі облыс әкімдігімен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандум жасап, кәсіпкерлік, туризм, білім салаларын дамыту бойынша тығыз ынтымақтастық орнатуға келісім жасаған болатын. Ендігі ке-   зекте екі жақты ынтымақтастық одан әрі өрбімек.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА.