Ведомствоның ресми сайты хабарлағандай, біріншіден, шарт талаптарын тексеру қажет. Несие алмай тұрып банктен мерзімінен бұрын өтеу шарттарын нақтылау маңызды. Қазақстан заңнамасы мұндай жағдайда айыппұл салуға тыйым салады, бірақ бірнеше талап бар:
егер несие мерзімі бір жылға дейін болса, банк алғашқы алты ай ішінде кредитті толық өтеу кезінде өтемақы ұстауы мүмкін;
егер несие бір жылдан ұзақ мерзімге рәсімделсе, алғашқы он екі ай ішінде кредитті өтеу кезінде айыппұл салынуы мүмкін.
Сондай-ақ банк берешекті мерзімінен бұрын өтеу үшін арнайы өтініш талап етпейтінін тексеру қажет.
Екіншіден қарыз сомасын нақтылап алған жөн. Егер мерзімі өткен төлемдер немесе айыппұлдар болса, қаражат алдымен соларды өтеуге жұмсалуы мүмкін. Күтпеген шығындарға жол бермеу үшін банкке хабарласып, нақты қарыз сомасын сұрап алу қажет.
Үшіншіден, өтеу әдісін таңдау керек. Мерзімінен бұрын өтеу толық немесе ішінара болуы мүмкін:
Толық өтеу – қарыздың барлық сомасын, оның ішінде нақты пайдаланылған кезең үшін есептелген пайыздарды жабады.
Ішінара өтеу – негізгі қарыз сомасын азайтады, артық төлемді төмендетеді. Бұл жағдайда несие мерзімін қысқарту немесе ай сайынғы төлем мөлшерін азайту нұсқалары ұсынылады. Әдетте, бірінші нұсқа тиімдірек.
Төртіншіден, несие төлеу тәртібін тексерген абзал. Кейбір банктер мерзімінен бұрын өтеуді арнайы мобильді қосымша арқылы жүргізуді немесе банк бөлімшесінде өтініш жазуды талап етеді. Егер қаражатты жай ғана шотқа салсаңыз, олар несие кестесіне сәйкес есептеліп, қарыз сомасы азаймауы мүмкін. Бесіншіден, несие төленгенін растайтын анықтама алу қажет. Толық өтегеннен кейін банктен қарыздың жабылғанын растайтын құжат талап етіңіз. Бұл есеп жүргізу кезінде қателіктердің алдын алуға көмектеседі.
Сонымен қатар, кредиттік тарихты бақылау ұсынылады. Несие жабылғаннан кейін, кредиттік бюролардың сайттарында кредиттік тарихты тексеруге болады. Егер қате анықталса, банкке немесе микроқаржы ұйымына (МҚҰ) жүгініп, растайтын құжаттарды ұсыну керек. Сондай-ақ, қате деректерді Fingramota.kz сайтындағы "Несие тарихын өзгерту" бөлімінде тегін түзетуге болады. Бұл жоба Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Бірінші кредиттік бюроның бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылады. Өтінім беру үшін арнайы форманы толтырып, ЖСН мен телефон нөмірді көрсету қажет. Бірақ тек соңғы он жұмыс күні ішінде берілген кредиттік есепті ғана түзетуге болатынын ескерген жөн.
Дереккөз KAZ.NUR.KZ.
Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков