Жауапкершілігі зор қызмет

Уақыты: 14.06.2018
Оқылды: 1063
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Сәулет-құрылыс саласындағы мемлекеттік қызметтер» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Онда аталған сала аясында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды.

Осыған байланысты облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Данияр Абдыбеков хабарлама жасап, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. 
– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауларында, сондай-ақ, «Қазақстан – 2050» Стратегиясында елдің жаңа саяси бағыты мәселелерімен қатар мемлекеттік қызмет сапасын жақсартуға ерекше назар аударады. Мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы және Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдардың қызметіне азаматтардың сенімін арттырудың маңызды аспектісі. Қазіргі уақытта сәулет, құрылыс және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету процедураларының ашықтығын қамтамасыз ету, рұқсаттарды алуға қолжетімділік және жеткізілім сапасын жақсарту мақсатында мемлекеттік қызметтерді алудың негізгі арналары табысты жұмыс істеуде. Олар: «Электрондық үкімет» порталы,  2013 жылы құрылған           «Е-лицензиялау порталы», Елбасының 100-ші қадамын іске асыру шеңберінде құрылған «Азаматтар Үкіметі» мемлекеттік корпорациясы, – деді Данияр Темірбекұлы. 
Бұған қоса, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы «Электрондық үкіметтің» қалыптасқан инфрақұрылымының арқасында жыл сайын қызметтерді электрондық нысанға аудару бойынша шаралар қабылданып, көрсетілетін қызметтерді алушылардан құжаттардың саны мен мерзімдерін қысқарту талап етілгенін, сондай-ақ, уәкілетті органдардың оңтайландыру және автоматтандыру бойынша жүргізген жұмыстары лицензияланатын қызмет түрлерін қысқартуға, мемлекеттік қызмет алу үшін ұсынылатын құжаттар тізімін, соның ішінде көрсетілетін қызметті алушы мен көрсетілетін қызметті берушілердің арасындағы байланысты азайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті. 
Сонымен бірге «Мемлекеттік қызметтер тізілімін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 18 қыркүйектегі № 983 қаулысына сәйкес мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы көрсететін мемлекеттік қызмет түрлері тізбектеліп, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. 

А. Байжұмақызы