Демалыс маусымы ашылды

Уақыты: 21.06.2018
Оқылды: 1062
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Айдынды Алакөл жағасында кезекті демалыс маусымы ашылды. Облыстық туризм басқармасы мен Алакөл аудандық әкімдігі бірлесіп өткізген салтанатты шара үш күнге жалғасты. Келген құрметті қонақтар алдымен көл жағасындағы демалыс орындарымен танысып, туристерге қолайлы қызмет көрсету тақырыбында өрбіген басқосуларға қатысты. Маңызды жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің басқарма басшысы Жалғас БАЛҒОЖИН келді.

Жадыраған жаздың алғашқы айы да аяқталуға жақын. Бірде салқындап, бірде аспан айналып жерге түсердей ысып сала беретін биылғы ауа райы көпшілікті табиғат аясында демалудан тежегені рас. Десе де, жаз көл жағасында алаңсыз демалумен, шомылу маусымымен көрікті. Оның үстіне, жуырда ғана Елбасы арнайы табан тіреген Алакөл жағалауы – отандық туризмнің ең ірі орталықтарының бірі. Сонымен бірге, Алакөл бұрынғыдан әлдеқайда жақын. Арнайы әуежай ашылғалы бері Астана мен Алматыдан ұшақпен қатынайтын туристер көбеймек. Тағы бір қуантарлық жағдай, жуырда Талдықорған қаласынан да әуе рейсі іске қосылмақ. Бұл туралы көл жағасындағы жиында жан-жақты айтылды. Кеңейтілген отырысты облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алшымбаева жүргізді.
Жиында сөз алған Жалғас Балғожин Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру жайын тілге тиек етіп, үш күндік семинардың мақсаты мен жоспарын түсіндірді. Елбасы аталған жоспардың 57-қадамында туристік кластерлер құруда үздік тәжірибелер қолдану қажеттігін алдыға тартқан. Сондай-ақ, зәкірлік жүйемен инвесторлар тарту міндетін қойған. Жалғас Балғожин өз сөзінде Елбасы жүктеген тапсырманы жан-жақты тарқатып айтып берді. Жиында Алматы облыстық Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрайымы Римма Салықова, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ департамент директоры Орынбасар Шаймұханбетов сөз алып, көл жағасындағы туристік нысандардың дамуы жайында өз пікірлерімен бөлісті. Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Алмас Аханов болса былтырғы жазғы маусымның қорытынды есебін ұсынды.
Алакөлде былтыр 753 мың демалушыға туристік қызмет көрсетілген. Биыл бұл көрсеткіш бір миллион адамға дейін жетеді деп күтілуде. Бүгінде көл жағасындағы 199 нысан тәулігіне 25 мың адамды қабылдауға дайын тұр. Облыс әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасымен туристік инфрақұрылымдарды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Көл маңындағы Ақши ауылын қамтыған 22 шақырымдық жол күрделі жөндеуден өтті. Әрі заманауи медициналық пункт, полиция бөлімшесі және теміржол вокзалы іске қосылған.
Семинарда облыстық туризм басқармасы демалушылардың қауіпсіздігі үшін пойыз және әуе рейсімен қатынауды ұсынды. Қазіргі таңда Талдықорған – Өскемен автожолына күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетуіне байланысты жеке көлікпен қатынау тиімсіз екенін ескертті. Ұшақ Астанадан Үшаралға аптаның сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері ұшады. Билет құны – 16 мың теңге. Ал Алматыдан сейсенбі, бейсенбі, жұма және жексенбі күндері ұшақпен санаулы уақытта келуіңізге болады. Ұшаққа отыру құны 10 мың теңгеден аспайды. Барлық әуе рейстерінде балаларға 50 пайыз жеңілдік бар. Пойыз «Алматы – 1» теміржол вокзалынан аптаның дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері қатынайды. Айдың жұп күндері де арнайы пойыз шығады. Жолақы плацкарт пен купеге байланысты 2500 – 4000 теңге аралығында. Туристерді тасымалдауды «SCAT», «Тұран Экспресс», «Жолаушы тасымалы», «Жетісу» компаниялары жүзеге асырады.
Жиынның келесі бөлігі «Complete Servis», «Қазақстан Травел Хаб», «Меруерт саяхаты» секілді туристік фирмалардың қатысуымен өтті. Компания өкілдері өздерінің туристік жоспарларын айтып, өңірдегі демалыс маусымын қалай жандандыру мәселесін талқылады. Семинарда облыстық мәдениет, денсаулық сақтау басқармаларының, аудандық іскер әйелдер кеңесінің өкілдері де пікір білдіріп, баяндама жасады. Қатысушылар көкейде жүрген сауалдарын қойып, тиісті сала мамандарынан жауаптар алды. Өзара тәжірибе алмасқан отырыстан кейін шомылу маусымы ашық деп жарияланды.

Қуаныш ТҰНҒАТАР
Алакөл ауданы