Ірі жобаның іргетасы қаланды

Уақыты: 01.06.2016
Оқылды: 1751
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Іле ауданына қарасты Байсерке ауылы аймағында негізін қалайтын бүкіләлемдік компания «ЛУКОЙЛ» ЖШҚ майлау материалдарын шығаратын зауыттың алғашқы тасын қою рәсімі өтті. Жиынға облыс әкімі Амандық Баталов пен ҚР Энергетика министрлі­гінің өкілдері және «ЛЛК-Интернешнл» ЖШҚ бас­шы­сы Максим Дондэ және тағы басқалары қатысты.

Өндіріс жобасымен та­нысқан Амандық Ғаббасұлы өз сөзінде Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың қол­дауы­мен осы өңірде ашылғалы отыр­ған әлемге танымал атал­мыш зауыттың елдің эко­но­микалық дамуына зор үлес қосатынын айтып, экс­порт деңгейін арттыра­ты­нына сенім білдірді. Атал­мыш өн­діріс алаңы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» кө­лік дәлізіне жақын жерде, Іле ауданы аумағында са­лы­натын бо­лады. «Зауыт қуат­тылығы жылына 100 мың тоннаны құрап, болашақта өнімді 130 мың тоннаға арт­тыруға мүм­кіндік береді. Инвестициялар сомасы ша­мамен 85 млн. АҚШ дол­ла­рын құрайды. Халықаралық деңгейде өнім өндіре алатын майлау мате­риалдарын шы­ғаратын жоға­ры тех­но­ло­гия­лы зауыт салы­натын болады. Бүгінде Қазақ­стандағы май өнімдері нары­ғының 20 пайы­зы біздің үле­сімізде», – дейді Максим Дондэ.

Шикізат көзі Пермь мен Волгоград қалаларындағы зауыттардан қарас­ты­рыл­ған. Бұл жөнінде зауыт басшысы Максим Дондэ Қазақстанда базалық май шығаратын зауыт­тардың жоқтығын алға тартады. 2019 жылы Шым­кент қаласында салынатын зауыт іске қосылса, отандық өнімді тарту жобасын қарас­тырамыз деп отыр. 12 гек­тар жерді қамтитын жоғары технологиялы зауыт құры­лысын Қазақстанда жиырма жылдық тәжірибесі бар, осымен төртінші зауытты салғалы отырған «Шар-Құрылыс» ЖШС-і қолға алып, істі 2018 жылы аяқта­мақ. Зауытта шамамен 200 жұмыс орны құрылатын бо­ла­ды. Әлемдік май шыға­ратын өндіріс орындарының алғашқы ондығына кіретін аталмыш компанияның бес елде тоғыз зауыты бар. Ал компанияға әлемнің өзге 26 кәсіпорны тартылған. Авто­көлік майларының 600 түрін қамтитын өндіріс өнімі әлем­нің 100 еліне таралады.Ендігі кезекте, келе­шек­тегі жоспарлары бойын­ша Қытай арқылы Үндістан мен Мексикаға өтіп, алдағы он­жыл­дықта май шығаратын әлемдік компаниялардың үздік бестігіне кірмек.

Мақпал МЫСА

Іле ауданы.