Дала дүбірге толды

Уақыты: 17.07.2018
Оқылды: 1525
Бөлім: ЭКОНОМИКА
Ауданымызда астық ору науқаны басталды. Диқандар тынымсыз еңбектің нәтижесін көріп, ырысын төгіп-шашпай жинап алу үшін  қызу еңбекке кірісіп кетті. Астықты алқапқа алғашқы комбайн түскенінің куәсі болып, диқандар қауымына тілектестігін  білдірмек ниетте аудан әкімі Махаббат Бигелдиев «Қызылшоқы» ЖШС астықты алқабына ат басын бұрды.

Айнала жайқала өскен астықты алқапқа сүйсіне көз тастаған аудан басшысы өсіп тұрған бидайдың үш-төрт сабағын үзіп алып, дәндерін алақанына түсірді. Әп-сәтте алақанына толған бидай дәндеріне қарап, ризашылығын жасырған жоқ.
– Бүгін ауданымыздағы Қарашоқы, Сарыбастау, Жоламан, Қызылжар ауылдарының егістік алқабында егін ору науқаны басталып, даламыз дүбірге толды. Демек, қамбамыз дәнге толатын күн де алыс емес. Биыл аудандағы жалпы  егіс көлемі 108636  гектарды құрап, өткен жылға қарағанда 700 гектарға ұлғайды. Оның ішіндегі 90000 гектарға дәнді-дақыл себілді. Оның әр гектарынан  20-21 центнерден өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз. Егін науқанына керекті техника, жанар-жағармай дайын. Астық ору науқанына 247 комбайн қатысады. Ендігі мақсат –астықты төгіп-шашпай жинап алу. Мына көздің жауын алып, жайқалып өсіп тұрған алқап диқандарының маңдай терімен келген дүние.  Сондықтан, сіздерге  еңбектеріңіз жемісті болсын дегім келеді, –  дейді Махаббат Садуақасұлы.
Жайқалып тұрған астықты алқап желмен бірге ырғалып, сыбдыр қағады. Қатарынан тұра қалған бес комбайн дала төсін дүбірге толтырып, қатарласа жүріп жайқала өскен астықты шауып барады. Енді бір сәтте комбайн КамАЗ автокөліктерінің тіркемесіне  құя бастады.
– Биыл да астығымыз жаман емес. Бұйырса гектарына 25 центнерден астық аламыз деген ойдамыз, – дейді «Қызылшоқы» ЖШС  төрағасы Алдан Бекиев .
 Иә, шаруа адамына көктемгі жауын-шашынға қарамай еңбек етіп, тер төккенінің өтемі ретінде еккенін еселеп, шашпай жинап алса, содан артық ырыздық жоқ. Аудан басшысының айтуынша, егін ору науқаны жоспарлаған уақытта бітіп, ел мол өнімнің қызығын көрмек.

Ләйлә ЕСКЕНДІРҚЫЗЫ
Кербұлақ ауданы