Жемшөп жеткілікті дайындалады

Уақыты: 09.08.2018
Оқылды: 2429
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Шаруалар бүгінде тынымсыз тірлік үстінде. Қысқа қажет жемшөбін дайындаудың қарбаласында жүргендер ауа райының қолайлы мезгілін барынша пайдалануға тырысуда. Жамбылдықтар да қазір төрт түлікке қажет азық қорын әзірлеудің қамында.

Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас агрономы Қайрат Тойшыбековтың айтуынша, мал ұстаушылар биыл да бір жарым жылдық шөп қорын дайындауды межелеген. Нақты сандармен дәйектейтін болсақ, бұл 156 200 тонна шөп, 15 800 тонна сабан, 18 900 тонна сүрлем, 31 400 тонна жем. Биылғы берекелі жылда бұған қол жеткізуге толық мүмкіндік бар. Сақадай сай дайындықпен кіріскендіктен, бүгінде көзделген меже 90 пайыздан асыра орындалды. Науқанды «Ақтерек», «Ынтымақ», «Р-Күрті», «Светлана» сияқты шаруа қожалықтары жоғары деңгейде атқаруда. 
Берекелі істің көрігін қыздырған шаруашылықтың бірі «Hyper Group» деп аталады. Бұл компания мал азығын дайындауда Үлгілі ауылындағы «Қарасай» шаруа қожалығымен және Үңгіртас ауылындағы «Империя Фуд» ЖШС-мен бірлесе жұмыс істейді. Шөп шабу маусымы басталысымен ұжым еңбеккерлері шалғы, тырма, тайлағыш, тиегіш сияқты қажетті агрегаттармен жарақталған үш «МТЗ-80» тракторымен іске білек сыбана кіріскен еді. Кәсіпорын директоры Бағдат Жамиятұлының ұтымды ұйымдастыруының арқасында 52 гектар суармалы жоңышқа аз күннің ішінде орып алынды. Көк балауса жоңышқаға қоса жүздеген тонна табиғи шөп те қоймаға жиналды. 
Бұл істе бригадир Дәурен Ахметжанов бастаған білікті механизаторлар Дулат Төлеуханов, Қанағат Ұланов пен Дамир Әбдірахманов және басқалар жаз бойы маңдай терін төгіп еңбектенуде. Шаруақор азаматтар қазір астық ору науқанына кірісті. Жүздерін күн қақтаған еңбек адамдары компанияға тиесілі бес бірдей комбайн және бірнеше жүк көлігімен 900 гектарлық жаздық арпа алқабында дала төсін дүбірге толтыруда.
Шөбі көптің малы тоқ болатыны белгілі. Бұл орайда шаруашылық иелері малға қажет азықтық жемнің керекті мөлшерін де дайындайтындарына сенімді.

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы