ДАҚЫЛ ШЫҒЫМЫ ЖОҒАРЫ

Уақыты: 16.08.2018
Оқылды: 2064
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Биыл елде ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің бастамасымен  үш ірі агропарк ашылғаны белгілі. Соның бірі – Қарасай ауданында орналасқан Қаскелең тәжірибе шаруашылығының негізінде құрылған агропарк. Аталған кешеннің    жұмысымен танысу мақсатымен арнайы ат басын бұрған едік. Өзімізге қажетті мамандардың барлығын тәжірибе алқабынан кездестірдік.

 

   Өз ісін жақсы білетін және оны жан-тәнімен атқаратын шаруашылықтың бас агрономы Жасұлан Қабденов жасалып жатқан жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндап берді.  – Қаскелең тәжірибе шаруашылығына қарасты 1792 гектар егістікке күздік бидай,  арпа, майбұршақ, жүгері, жаздық арпа және өзге де дақылдар егілген. Тәжірибе шаруашылығы болғандықтан біз жаңа тұқым сұрпын өсіру, одан мол өнім алу бағытында жұмыс атқарып келеміз. Онымыз нәтижесіз емес. Атап айтқанда, биыл біз әр гектардан 15 центнерден аса арпа мен тритикаль өнімін жинадық. Ал тәжірибе ретінде егілген алқаптың шығымдылығы одан да жоғары. Мысалы, отандық «Сымбат», «Севр-1» сияқты сұрыптар 45–51 центнерден өнім берді. Жүгері мен майбұршақ дақылдарынан да жоғары көрсеткішке қол жеткіземіз деп жобалап отырмыз, – деді ол.
   Әлемде азық-түлік тауарларын тұтыну мөлшері жыл санап артып келеді. Бұл мәселені егіс алқабының көлемін емес, шығымдылығын арттыру арқылы шешу қажеттігі әркімге белгілі.  Жаңадан құрылған агропарктің негізгі мақсаты – егін шаруашылығын ғылымға негіздей отырып жүргізіп, жиналған тәжірибені шаруа қожалықтарына насихаттау. Бүгінге дейін шаруашылық алаңында бірнеше семинар өткен. Мұнда ҚР Ауылшаруашылығы министрі келіп, оң бағасын беріп кетіпті.
   Ауылшаруашылығы жұмысын ғылыми жүйеге қойған ұжымда Молдова Республикасынан келіп, кеңесші қызметін атқарып жүрген ғылым докторы, «Парумбек» өсімдік институтының қызметкері Петр Барганды жолықтырдық. Ол мұнда жүгерінің өнімді мол бере тін сұрпын өсірумен айналысу үшін арнайы келген.
   Қазақстан аграрлық бағыттағы ел болса, ауылшаруашылығының негізгі саласы мал өсіру екені белгілі. Ал бұл саланы азықтық негіз қалап алмай дамыту мүмкін емес. Жүгері стратегиялық дақыл болғандықтан оны дамытудың маңызы зор. Мысалы, Молдовада жылына 400-500 мың гектар жерге жүгері өсіріледі.  Соның ішінде 15-20 мың гектар тұқымдық алқап бар.  Қазақстанда биылдан бастап жұмыс істей бастаған агропарктің негізгі мақсаты да өнімнің сапасы мен шығымын арттыру болғандықтан өзімізде жасалған озық тәжірибені осында игеруді қолға алудамыз. Жүгерінің тұқымдық, азықтық, өндірістік сұрыптары толық игерілуде.  Бұл жерде біз Франция, Венгрия, Украина, Молдова сынды 17 мемлекетте сынақтан өткен сапалы тұқымдарды қазақстандық климатта сынаудамыз. Жергілікті фермерлер осы сұрыптың өздеріне қолайлы, ауа райы мен топыраққа оңтайландырылған түрін пайдалануға мүмкіндік алады.
   Айтуға оңай болғанымен, жаңадан құрылған агропарк шаруашылық мамандарына үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Осы міндет үдесінен шығу үшін олар уақытпен санаспай еңбек етіп жүргенін байқадық. Төгілген тердің төлемі мен атқарылған жұмыстың нәтижесін көру де бір ғанибет емес пе?!  Қаскелең тәжірибе шаруашылығының еңбеккерлері осы мақсаттарына жететініне сенімді.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ.