ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ АХУАЛ ТҰРАҚТЫ

Уақыты: 22.09.2018
Оқылды: 1362
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен инвесторларды тарту мәселелері жөнінде кеңес отырысы өтті. «Ұлттық инвестициялық стратегияны» іске асыру мәселесі қаралған жиынға орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, сонымен қатар, онлайн режимінде бірқатар өңір мен республикалық маңыздағы қала әкімдері қатысты.

 

   Үкімет инвестиция мәселесіне айрықша көңіл бөлуде. Ел экономикасын өркендетудің күретамыры саналатын инвестиция  тартудың тәсілін жетілдіріп отырған жөн. Жиында   Инвестициялар және даму министрлігінің инвестиция саласын үштілді қызметке көшіру бағытының тиімділігі туралы айтылды. Сондай-ақ,  инвесторларға мемлекеттік қолдау таныту, қолданыстағы шараларды жетілдіру мен оңтайландыруға қатысты жаңа талаптар сөз болды. Әрі инвесторлардың құқықтарын қорғауды жетілдіру, халықаралық сауда-саттық жағдайын жақсарту мен логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұсыныстар қаралды. 
   Жиында облыстың инвестициялық ахуалы туралы да айтылды. Баяндамашылар облыстағы инвестициялық жағдайды тілге тиек етіп, инвесторларды мемлекет тарапынан қолдауға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Бүгінде облысымызда 32 инвестициялық жоба атқарылуда. Миллиардтаған қаржы айналымға түсіп жатқан ірі жобалардың жүзеге асуына жергілікті билік тарапынан да қолдау көп. Әсіресе, республика бойынша баламасы жоқ 25 гектар жерді алып жатқан Қапшағай қаласындағы  жылыжай кешенін дамытудың маңызы зор.
   Селектор соңында Премьер-Министр кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімдеріне инвестициялық жобалар аясында айтылған ұсыныстарды пысықтауды тапсырды. Оны бақылау ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктелді.

Қажет АНДАС.