Сапалы бұйым шығарады

Уақыты: 01.06.2016
Оқылды: 1663
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бизнес – экономиканың ажырамас бір бөлшегі. Елбасы Н. Назарбаев бизнестің кең етек жайып, экономиканың гүл­денуіне жағдай жасау ке­ректігін үнемі айтып келеді.Сол себепті қазір шағын және орта кә­сіпкерлікті дамытуға айрықша мән беріле бастады. Сондықтан, қандай да бір істі қолға аламын деушіге мем­лекет тарапынан жан-жақты қолдау жасалып, демеу көр­се­тіліп жатыр. Нә­ти­жесінде ойға алынған жоба-жос­парлар жү­зе­ге асып, бұл ба­ғыттағы жұ­мыс жандана тү­су­де.

Соның ішінде кәсібін жаңа бастағысы келе­тін­дерге үлкен көңіл бөлінеді. Әрине, бұған ең алдымен қаржы керек. Әйтсе де қолына түскен қыруар қар­жыны ұқсатып, кәсіпті бірден дөңгелетіп әкету оңай емес. Жалпы, бизнесті жүргізу үшін ынта-ықы­лас пен жігер, ептілік қажет-ақ. Сондықтан бұл істің қыр-сырын жете түсініп, меңгеріп жатқандар аз емес. Қазір кәсіп бар жерде нәсіп бар екенін түсінгендер қа­тары күн санап өсіп келеді. «Бизнестің жол кар­та­сы – 2020», «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қала ғана емес ауылдық жердің өзінде де кәсібін ұршықша үйіріп, еңбек етіп жатқандар жетіп-артылады.

Мұндай үрдіс Қаратал ауданы өңірінде де өз дең­гейінде жүзеге асып, оң нәтижесін көрсетуде. Осыған орай, Үштөбе қаласының тұрғыны Марат Уәлиев «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында алдыңғы жылы 2,400 мың теңге көлемінде қаражат алып, ағаш өң­деу цехын ашқан. Мемлекет тарапынан берілген ақ­шаға өндіріске қажет құрылғылар сатып алып, цехқа ор­натыпты. Осыған қатысты аудандық жұмыспен қам­ту орталығының басшысы Ақжайық Кілтбаева цех­та негізінен табиғи, таза ағаштан есік-терезелер жасалатынын айтады. Кәсіпкер тапсырысқа қарай ағаштан істелетін кез келген бұйым түрін әдемі етіп, сапалы түрде шығаруды мақсат тұтады.

Жұмыс көктем, жаз айында қыза түсетін көрінеді. Сол кәсіпорынға барып, жұмыс барысын көріп қайттық. Шағын цех үй ауласынан орын теуіпті. Біз кә­сіп­керді әңгімеге тартып, алдағы жоба-жос­пар­ларын сұрап білдік. Алдағы уақытта жеңілдетілген несие алып, өндірісін одан әрі кеңейтпек ниетте. Тұрмысқа қажет үй жиһаздарын шығаруды да ойға алыпты. Бұл істер жүзеге асса қосымша жұмыс орындары құрылмақ. Кәсіпкердің бұл салада тәжірибесі мол екен. Өйткені, ол мұнымен жігіт шағынан айналысыпты. Сүйікті кәсібін одан әрі жалғастыру үшін мемлекет көмегін пайдаланып, екі қолына бір күрек тапқан. Ағаш Семей өңірінен әкелінеді. Сондай-ақ, кәсіпкер екі адамды тұрақты еңбекпен қамтып отыр.

Айгүл Байбосынова

Қаратал ауданы.