ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ ЖАРКЕНТ ӨҢІРІН АРАЛАДЫ

Уақыты: 26.10.2018
Оқылды: 2743
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВТЫҢ Алматы облысына жасаған іссапары жазиралы Жаркент өңірінде жалғасты. Алдымен жақында ғана пайдалануға берілген «Нұр жолы» автоөткеліне келген Үкімет басшысы тәулігіне 2200 жүк, 300-ден астам жолаушы көлігіне қызмет көрсететін жаңа нысанмен танысып, жұмыс жоспарын көрді. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік табыс комитетінің төрағасы Ғұсман Әмрин Орта Азия елдерінде теңдесі жоқ, әлемдегі ең ірі кедендік бақылау бекеттерінің қатарында аталатын «Нұр жолы» автотранспорттық өткелі Германия, Ресей, Франция, АҚШ елдерінде жасалған озық технологиямен жабдықталғанын атап өтті. Заманауи бекет өткелдерін аралап шыққан Премьер-Министр кеденшілердің жұмысына табыс тіледі.

Бұдан кейін Үкімет басшысы облыс әкімі Амандық Баталовпен және республикалық деңгейдегі жауапты тұлғалармен бірге «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығына» барып, бақылау-өткізу жүйесімен танысты. Сондай-ақ, қазақстандық бөлігіндегі «Самұрық" орталық алаңындағы сауда үйін аралады. Ондағы Қазақстанда және шет мемлекеттерде өндірілген тауар түрлерін сұрастырып білген Бақытжан Әбдірұлы келесі кезекте ерекше сәулеткерлік үлгіде салынған «Тюльпан-Қорғас» қонақүйіне бас сұқты.

Сапар аясында Үкіметтік делегация жақында құрылысы аяқталып, қызметіне кіріскен «Хуан-Шыңғыс» ЖШС-на қарасты сауда үйіне ат басын бұрды. Осы жерде Үкімет басшысына «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы» АҚ президенті Қаһарман Жазин баяндама жасады. Аталған орталықтың дамуы мен жұмысы жайлы айтып өткен баяндамашы мұнда күн сайын 5 мың саяхатшы келіп, сауда-саттық жасайтынын тілге тиек етті. Соған сай жоспарланған 91 нысанның 77-нің инфрақұрылымы аяқталып, 56-сының құрылысы толық бітіп, пайдалануға берілген. Одан бөлек, тағы 7 нысанның құрылысы жақын арада тәмамдалмақ. Ал биыл жыл соңына дейін шеберлер қалашығы, сауда галереясы, орталық алаң, сауықтыру кешені сияқты нысандардың құрылысы аяқталмақ.

Құрметті қонақтар болашақ Нұркент қаласының бас жобасымен де танысты. Бас жоспары биыл бекітілген қалада болашақта 50 мың адам өмір сүреді. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Болат Тәкенов таныстырған бас жоба бойынша Нұркент қаласында 24 әлеуметтік нысан, 42 балабақша, 8 мектеп, бір емхана, 3 медициналық орталық салынбақшы. Естеріңізге сала кетейік, Нұркент қаласы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында салынатын логистикалық және индустриялық орталықтар мен қазір жұмыс істеп тұрған «Құрғақ порт», «Алтынкөл» халықаралық темір жол бекеті, «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы, «Нұр жолы» автотранспорттық кеден қызметкерлері үшін қанат жаймақ.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Алматы облысы