АҚСУ ҚАНТ ЗАУЫТЫ ҚАЙТА АШЫЛДЫ

Уақыты: 01.11.2018
Оқылды: 1154
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Ақсу қант зауытына келіп, өндіріс орнымен танысты. Кезінде Ақсу жұртының алаңсыз тіршілік етуіне сеп болған зауыттың кейінгі жылдарда жұмысы тоқтап, тоқырауға ұшыраған еді. Бүгін ақсулықтар үшін ақ түйенің қарны жарылғанмен тең мерекелі күн болды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қант қызылшасын қайта қолға алу туралы тапсырмасы негізінде әрі облыс әкімі Амандық Баталовтың тікелей қолдау көрсетуінің арқасында тоқтап тұрған зауытқа жаңа тыныс бітіп, алыс-жақын елдің назарын өзіне аударды. Ең бастысы, зауыттың қайта іске қосылуы Ақсу ауданы мен оған көршілес жатқан Сарқан, Алакөл өңірінің қызылшашыларына үлкен демеу болды. Айта кетерлігі, биыл жаңғыртудың екінші кезеңін өткерген зауыт толық түрленген. Өнім көлемі де өткен жылмен салыстырғанда жоғары болатындығы көрініп тұр. Зауыт қазіргі таңда 80 000 тонна тәтті түбір қабылдапты. Оның ішінде 45000 тоннасы ақсулықтарға, қалғаны Сарқан, Алакөл аудандарының еншісіне тиесілі.

Тәтті түбірді жинау әлі де жалғасуда. Жоспар толығымен орындалғанда өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға өспек. Зауыт ішін аралап, қант өндіруші мамандармен сөйлескен облыс басшысы атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдірді. Сонымен бірге, Амандық Ғаббасұлы жаңа шыққан ақ шекерден дәм татып, берекелі іске сәттілік тіледі. Соңында журналистер сұрағына жауап беріп, өңіріміздегі қызылша өсірудің келешек жоспарымен бөлісті.

Қажет АНДАС

Ақсу ауданы

Алматы облысы