ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ КӘСІПКЕРЛЕРДІ СЫНАДЫ

Уақыты: 06.12.2018
Оқылды: 1103
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен кеңейтілген отырысқа қатысып, жиналған кәсіпкерлерді сын тезіне салды.

"Бүгін WorldSkills бойынша кезекті чемпионат басталды. Мен өзім барып, көріп келдім. Ол жерде колледжде оқитын жастар өзара сынға түседі. Чемпионат тағы екі күнге жалғасады. Сосын жеңімпаздарды анықтаймыз да, әлемдік чемпионатқа барамыз. Мен өзім сол қауымдастықты басқарамын. Мәселен, Тимур Асқарұлы ("Атамекен" ҰКП президиум басшысы) спорттық қауымдастықты басқарса, мен осы ұйымды таңдадым. Соған пайдам тиіп жатыр деп ойлаймын. Өз басым ылғи қолдау жасап отырамын", - деді Б.Сағынтаев.

Үкімет басшысының айтуынша, бұл чемпионатқа колледждер оқ бойы озық шәкірттерін алып келді. Бірақ дәл осындай шараларға отандық кәсіпкерлер тарапынан қолдау байқалмайды. Бизнесмендер кәсіби мамандар жоқ деп жиі арызданады. Ал сол кәсіби мамандарды қолдауға келгенде немқұрайдылық танытып жатады. "Мен чемпионатқа қолдау білдіргендерді байқап көрдім. Құрылыс бойынша ірі компаниялардың ішінде "BI Group" пен "Knauf" болды. Басқалары қайда? Сіздер көрінбейсіздер ғой. Қолдауыңыз қайда? Чемпионатта мен нағыз энтузиастарды көрдім. Олар көп пайда таппаса да, ортақ іске жанашырлық танытып отыр. Өз мамандарымыз көтерілсін деп тілейді. Ал осы жерде отырғандардың ішінен мен ешкімді көрмедім. Біз кадр керек, өз мамандарымызды дайындайық дейміз. Сіздер өздеріңіз қолдау жасамасаңыздар, ол мамандарды қайдан аламыз?" - деді Б.Сағынтаев.

"ҚАЗАҚПАРАТ"