ЖАРКЕНТТЕ КӨК БАЗАР АШЫЛДЫ

Уақыты: 22.12.2018
Оқылды: 1890
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жаркент қаласының шығыс шетіндегі Сарыөзек-Қорғас тас жолы бойында екі қабатты «Көк базар» атты жабық сауда орталығы пайдалануға берілді. Бұл орынның жалпы көлемі - 5300 шаршы метр.

Базардың бірінші, екінші қабаттарында 250 орыннан бар. Санитарлық талаптарға сай жасалған ғимараттың ішінде қыста жылытатын, жазда салқындататын құрылғылар орнатылған. Жаңа базарды Жаркент қаласының тұрғыны Серікбай Көбелеков әулетімен бірлесіп салды. Қазірдің өзінде бұл орталықың бірінші қабатында көкөністер мен мал, құс етін, басқа да тауарларды саудалайтын 100-ге жуық адам орналасты. Екінші қабатта киім-кешек пен басқа мүліктер саудаланады.

Базардың ашылу салтанатында Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Шұхрат Құрбанов сөз сөйлеп, бүгінде өңірде 10 мыңнан аса аудан тұрғынының шағын және орта бизнеспен шұғылданып жүргенін атап өтті. Сонымен бірге, бұл орталық алдағы уақытта 500 адамға жұмыс орнын ұсынып, сауда-саттықтың өркен жаятынын сөз етті. Салтанатты сәтте өз тілектерін айтып, көпшіліктің қуанышымен бөліскен тұрғындар көп болды. Жиын соңы елге танымал өнер жұлдыздарының концертіне ұласты.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы