ОБЛЫС ӘКІМІ ГАЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСЫН СЫНАДЫ

Уақыты: 06.02.2019
Оқылды: 1034
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жетісу жұртшылығының былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және биыл атқарылуы тиіс міндеттер облыс әкімдігінің мәжіліс залында өткен алқа отырысында таныстырылып, кемшін соққан тұстар нақтыланды. Жиынды ашып, жүргізіп отырған облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ алдымен жаңадан тағайындалған басқарма басшыларын таныстырып, жұмыстарына табыс, сәттілік тіледі.

Баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқовтың айтуынша, былтыр барлық саланың жұмысында оң серпін байқалған. Атап айтқанда, экономикалық өсім 3,5%-ды құрап, жұмыссыздық деңгейін 4,6%-ға түсірген 31 мың жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар, бюджетке түскен 386,7 миллиард теңге түсімнің 202,3 миллиарды жергілікті бюджеттің есебіне кірген. Былтырғы жылдың басым бағыттағы жұмыстары негізінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес әлеуметтік бастамасы бойынша жүргізілген.

Бірінші бастама – «7-20-25» бағдарламасы аясында Қарасай ауданында барлығы 150 пәтерлік 3, Іле ауданында 1 тұрғын үй пайдалануға берілген. Екінші деңгейлі банктер құны 2,3 миллиард теңге болатын 228 өтінішті қабылдап, 1,3 миллиард теңгелік 123 өтінішке қолдау көрсетті. Алғашқы жарнаны төмендету мақсатында бюджеттік сала қызметкерлерінің тұрғын үй сертификатын алуына қажетті 1 миллиард теңге бөлінген.

Екінші бастама бойынша биылғы 1 қаңтардан бастап айлық жалақысы 63 мың теңгені құрайтын жұмыскерлерге салынатын салық үстемесі 10 есеге дейін азайтылды. Бұл шара 140 мыңнан астам адамның табысына жағымды әсер етеді.

Үшінші бастама аясында білім гранттарын 20 мың орынға ұлғайтуға байланысты облыстың 5231 түлегі студенттер қатарына қосылды. Одан бөлек, барлығы 2218 адамға арналған 11 жатақхана салу үшін жер телімдері бөлініп, алдағы наурыз айында 288 орынды алғашқы жатақхананың құрылысы облыс орталығында басталады.

Төртінші бастама бойынша былтыр құны 6,1 миллиард теңге болатын 1339 шағын несие беріліп, 1400-ден астам адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, соңғы екі жылдың ішінде кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытылған 4,5 мың адамның 954-і өз кәсібін ашып, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына үлес қосуда.

Нақты айтқанда облыстың ауылшаруашылығында, өнеркәсібінде, денсаулық, білім, спорт, туризм сынды салаларында ілгерілеу басым. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Маревен Фуд» трансұлттық компаниясы, Талғар ауданында лифт шығаратын зауыт, Қаратал ауданында керамзит өндіретін өндіріс орны іске қосылған. Өңірдің өркендеуіне қажетті жобалар қолға алынып, егістік алқаптардың қатары көбейген. Соның арқасында егістік алқаптардың аумағы 5,5 мың гектарға ұлғайып, 952,3 мың гектарға түрлі дақылдар салынды. Былтыр 441,5 мың тонна қант қызылшасы жиналып, екі зауыт 42 мың тонна қант шығарды. Өңірдің егістіктерінен 535 мың тонна жүгері жиналып, Райымбек ауданында қолға алынған шаралардың арқасында картоп өсіру ауқымы ұлғайды. Соған байланысты әр гектардан 300 центнерден картоп алынды. Ислам даму банкінің қолдауымен суару жүйелері жаңғыртылып, барлығы 2,6 мың гектарды сумен қамтитын желілер іске қосылды. Мал саны өсіп, ет өндірісі 3%-ға, сүт 4,8%-ға, жұмыртқа 4,4%-ға артқан. Сондай-ақ, 1000 тонна сиыр еті экспортқа шығарылды.

Осындай жетістіктермен қатар бірқатар кемшіліктердің орын алғандығы да белгілі болып отыр. Атап айтқанда, облыста құс етін өндіру 3,8 мың тоннаға азайып, Іле ауданындағы «Сарыбұлақ» құс фабрикасы өнім көлемін төмендетуге мәжбүр болған. Оған шетелдік арзан тауық етінің елімізге көптеп келуі себеп болып отыр. Қазір отандық нарықты қорғау шаралары қолға алынуда. Сонымен қатар, Алакөл, Іле, Қарасай, Талғар аудандарында сауын сиырлары мен сүт фермалары санының күрт азаюынан сүт өндірісі кенжелеп қалған. Осыған орай облыстағы сары май өндірудің ауқымы 22%-ға азайған. Қарасай ауданындағы «Медеу-Коммерц» кәсіпорны сары майдың орнына айран мен сүзбені молынан шығаруға кіріскен. Одан бөлек, облыс аумағында азық-түлік бағасының өсуі байқалған. Атап айтқанда, 19 әлеуметтік-маңызды азық-түліктің 14 түрінің құны 1,4%-дан 27%-ға дейін қымбаттаған. Онда да қырыққабат, құс еті, күріш, қант, жұмыртқа сынды тауарлардың құны күрт өскен. Бағаның өсуі Қарасай, Көксу, Панфилов аудандары мен Текелі, Талдықорған қалаларында анық байқалған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай арнайы сараптама жүргізіліп, коммуналдық қызметтердің тарифтері арзандады. Атап айтқанда, жылу 19,4%-ға, ыстық су 24%-ға, суық су 9,3%-ға, электр қуаты 10,4%-ға арзандатылды. Былтыр көлемі 713,2 мың шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның 39,0 мың шаршы метрі «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша салынған. Жеке үй салушыларға қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу үшін 6,3 миллиард теңге бөлініп, 9233 жер теліміне 387 шақырымға тең желілер тартылған.

Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасымен облыстың барлық өңірлерінде автокөлік жолдары жасалып, ескірген жол жабындылары жаңартылды. Газдандыру бойынша облыста 142 елді мекенге газ құбырлары жеткізілген, ал Талдықорған қаласында 32 мың абоненттің 2595-і ғана табиғи газға қосылған.

Білім, денсаулық сақтау салаларында да өркендеу басым екендігін айтқан баяндамашы ішкі істер органдарының материалды-техникалық базасын нығайтуға 3,4 миллиард теңге бөлінгенін, 102 қызметтік автомашина, 300 автокөліктік бейнетіркеу камерасы, 400 компьютер, 208 планшет алынғанын қоғамдық орындарға 968 бейнебақылау камералары орнатылғанын, жанында тұрғын үйі бар 162 учаскелік полиция бекеті салынғанын атап өтті. Алайда осындай шаралар қабылданып, қажетті техникамен қамтылғанымен облыстағы қылмыс саны 7,8%-ға өсіп, 27 мыңнан астам қылмыс тіркелгеніне тоқталған Жеңіс Тұяқов жол-көлік оқиғаларының саны азаймай тұрғанын тілге тиек етті.

Мінберге көтерілген облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров қосымша баяндама жасап, ауылшаруашылық саласындағы жетістіктерді ұлғайтудың және кемшіліктерді болдырмау жолын саралады. Бұдан соң талқылауға шақырылған Талғар ауданының әкімі Рыскелді Сәтбаев, Қаратал ауданының әкімі Рауан Рақымбеков, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Қуанышбек Қашқымбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ кезекпен өздерінің салаларына қатысты сұрақтарға жауап берді.

Алқалы жиында айтылған мәліметтерге қатысты сауалдар қойып, өзекті мәселелердің дұрыс шешімін табуы қажеттігін атап өткен облыс әкімі Амандық Баталов Қаратал, Балқаш, Кербұлақ аудандарының әкімдеріне тұрғындарды газдандыру жұмыстарын жеделдетуді міндеттеді. Сондай-ақ, облыс орталығы Талдықорған қаласын газдандыру жұмысының баяу жүруіне байланысты «Жетісу газ» ЖШС басшылығын сынға алып, халыққа ыңғайлы қызмет көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар, Талғар, Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ аудандарында жол бойына ретсіз салынған құрылыс нысандарын ретке келтіруді қатаң тапсырған Амандық Ғаббасұлы ескертуді елемеген кәсіпкерлерге тиісті шара қолданылатындығын еске салды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыс әкімдігінің қаулысы қабылданды. Жиын соңында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Зайда Ілімжанова атқарылған жұмыстар жайлы хабарлама жасады.

Мәди АЛЖАНБАЙ,

"Жетісу"