ТАЛДЫҚОРҒАН: ЖЕЛТОҚСАН ҚҰРБАНДАРЫНА ЕСКЕРТКІШ КЕРЕК

Уақыты: 06.02.2019
Оқылды: 1374
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Дәл осындай ұсыныс тұрғындар тарапынан Талдықорған қаласының әкімі Дастан ШАЛТАБАЕВТЫҢ ел алдында өткізген есепті кездесуінде айтылды. Шарада облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы міндеттері таныстырылды. Есепті жиынға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ, қала ардагерлері мен тұрғындары қатысты.

Дастан Тұрарбекұлы сөз басын өткен жылғы есепті кездесудегі тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстардың орындалу барысынан бастады.

- Өткен жылғы кездесулерде біраз мәселе көтерілген  болатын. Жыл бойында оларды шешу бойынша жоспарлы жұмыстар істелді. Мәселен, «Қызыл тас» саяжайында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. 12 ауланың аумағы абаттандырылды, үстіміздегі жылы 48 ауланы жөндеу жоспарға алынды. «Үйтас» саяжайын сумен қамту жобасының сметалық құжаттамасы әзірленді. Бүгінгі күні Өтенай ауылының 16 көшесіне түнгі жарық шам бағаналарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, биыл 10 көше қиылысына бағдаршамдар орнатамыз, – деді.

Қаланың экономикалық өсімі қалыпты. Салық түсімі мен төлемдер  2,5 млрд. теңгеге орындалған. Өндірістік кәсіпорындар 73 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, өсім 1,9 пайызды құраған. Төрт жаңа өндіріс ошағы іске қосылып, екі кәсіпорынның жұмысы кеңейтілген. Нәтижесінде 86 жұмыс орны құрылған. Ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 6 пайызға өскен. 56 шаруа қожалығы 935 млн. теңгенің субсидиясын алған. Қала экономикасына 60 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылған, бұл 2017 жылға қарағанда 5 млрд. теңгеге немесе 2,3 пайызға жоғары. Құрылыс жұмысының көлемі 36 млрд. теңгеден асқан, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 млрд. теңгеге артық.

Жыл ішінде 90 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызылған. Биыл 100 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, үш саяжай қоғамында 21 шақырым сумен қамту желісі салынбақ. Қаланы табиғи газбен қамту жұмысы да жүргізілуде. Өткен жылы бір көшеге жол салынып, 23 көше күрделі, 18 көше орташа жөндеуден өткен, 51 көшеге қиыршық тас төселген. Көшелерді жөндеу барысында 33 аялдама кешені ауыстырылған.

Әлеуметтік салаға келетін болсақ, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды іске асыру есебінен 3 686 жаңа жұмыс орны құрылған. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасымен барлығы 5490 адам қамтылған. Кәсіпкерлікті дамыту бойынша  98 азаматқа 977,0 млн. теңге несие берілген. Оның ішінде 40 азамат өз кәсібін ашса, қалған 58 азамат бұрыннан бар кәсібін кеңейтіп, жаңадан 140 жұмыс орны құрылған. Жыл қорытындысында жұмысқа орналастыру деңгейі 99,8 пайызды құрады.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 15 маманға 2 млн. 525 мың теңге көтерме жәрдемақы, 10 маманға тұрғын үй алу үшін 36 млн. 75 мың теңге несие берілген. Білім беру бағдарламасы аясында жалпы алғанда 500 орынды 5 жекеменшік балабақша және 2 топ ашылған. Биыл кәсіпкерлердің қатысуымен тағы 350 орынды балабақша ашу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту жыл соңына дейін 100 пайызға жеткізілмек.

Денсаулық сақтау саласында 85 орынды наркодиспансер, облыстық балалар ауруханасында неонаталдық хирургия нысаны, Еңбек ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілген.

Әкім баяндамасынан соң қала тұрғындары тарапынан сауалдар қойылды. Олардың көпшілігін алаңдатқан мәселе - ауызсу мен жол жайы. Бұл, әсіресе, шеткі көшелер, қалаға қарасты ауылдар мен саяжайға қатысты. Тұрғындар тарапынан көшеде елдің тыныштығын алатын кафелерді ретке келтіру, кейбір автобустардың араға ұзақ уақыт салып қатынайтындығы, балалар ойнайтын алаңдардың талапқа сай болмауы, күл-қоқыс тастайтын заңсыз орындардың пайда болуы сынды бірқатар мәселе көтерілді. Желтоқсан құрбандарына арнап ескерткіш қойсақ деген де ұсыныс айтылды.

Сауалдарға жауап берген Дастан Тұрарбекұлы тұрғындарды алаңдатқан мәселелердің барлығы да жоспарға енгізіліп қойылғанын, алдағы уақытта ретімен шешімін табатынын нақты мысал, дәлелдермен айғақтады.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов Талдықорғанның бүгінгі беталысы, көркейіп, дамып келе жатқандығы туралы Елбасының өзі жақсы баға бергенін айта келіп, қаланы әлі де абаттандыруға, халықтың тұрмысын жақсартуға қатысты тапсырмалар берді.

– Қалаға инвестиция тартып, жұмыс орындарын құрып, салық түсімін көбейтуіміз қажет. Халықтың жағдайына, жұмыспен, баспанамен қамтылуына баса мән беруіміз керек. «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспаналы болғысы келетін адамдарға мүмкіндік жасауға тиіспіз. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қылмысты болдырмауға күш салуымыз қажет. Бүгінде халықтың жайлы өмір сүруіне барынша жағдай жасаудамыз. Өткен жылы оқушыларымыз үшін екі тамаша білім ошағын, бір музыка мектебін салып бердік. Жаңа, зәулім драма театры есігін айқара ашты. Мұның бәрі халық үшін жасалып жатқан игілікті іс. Бұл орайда қала әкімінің жұмысына оң баға беремін, – деді.

Әкімнің халықпен кездесуі ортақ мәселелердің ортаға салынып, алдағы уақытта шешімін табатындығымен де мәнді болды.

Алма ЕСЕНБАЕВА,

"Жетісу"