ШАРУА ЖАЙЫМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 11.02.2019
Оқылды: 1095
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік ҮМБЕТОВ Жамбыл ауданына жасаған сапарында Қасымбек және Мыңбаев ауылдарындағы шаруашылықтар мен әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысымен танысты.

 

Алдымен Қасымбек ауылы маңындағы «Гейдаров» шаруа қожалығына ат басын тіреген халық қалаулысы шаруашылықтың жұмысын аралап көрді. Сабир Гейдаровтың қожалығы 2006 жылы Шолаққарғалы селолық округінің аумағында құрылған. Ауылшаруашылығы мақсатындағы жерінің көлемі 25 гектар. Кәсіпорын 2017 жылдан бастап сүт өндірісіне негізделді. Ғимараттардың құрылысы, қажетті құрал-жабдықтар алып, орнату, мал басы мен азық түрлерін, ауылшаруашылық техникаларын сатып алуды қоса алғанда жұмсалған инвестиция көлемі 70 млн. теңгені құрайды. Қазір онда ертелі-кеш 100 бас сауын сиыр сауылады. Қожалықта алты адам еңбек етеді, орташа айлық жалақы 60 мың теңге.

Серік Әбікенұлы Мыңбаев ауылында Қазақстанның Еңбек Ері, «Жақсылық» шаруа қожалығының төрағасы Жақсылық Үшкемпіровтің жүзеге асырған игілікті істеріне қанықты. Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт кешенінде салауатты өмір салтын ұстанып, дене тәрбиесіне ден қойған жасөспірімдермен тілдесті. Мұнда жастар спорттың бірнеше түрі бойынша жаттығады. Даңқты палуан атындағы кешенде негізінен күреске басымдық берілген. Атап айтқанда, грек-рим күресімен 36, қазақ күресімен 20, еркін күреспен 39, ал бокспен 35 оқушы тұрақты айналысады. Сонымен қатар, ауыр атлетика жабдықтары бар, шағын футбол, волейбол залдары жұмыс істейді.

Халық қалаулысы ауылдағы көппәтерлі жатақханаға бас сұғып, жас отбасылардың шаңырағында болды. Бұл да Жақсылық Үшкемпіровтің тікелей жүзеге асыруымен болған игілік. Бұрынғы бос тұрған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, әрлеп, тұрғындардың игілігіне ұсынуы ауылдық жер үшін расында таңсық дүние. Адамның жайлы тұруы үшін барынша қолайлы етіп жабдықталып, табиғи газбен жылытылатын 36 пәтерлі тұрғын үйден баспаналы болғандар бұған ризалықтарын білдірді.

Мәжіліс депутаты, сондай-ақ, Тұңғыш Президент күніне орай 2017 жылы ашылған ауылдық Мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Бұл руханият ошағы облыс әкімінің қолдауымен іске қосылып, ғимаратты күрделі жөндеуге бюджеттен 237 млн. теңге, материалдық базасына 14 млн. теңге жұмсалған. Қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген мекемеде қазір 11 штат бірлігімен қызметкерлер еңбек етеді. Серік Әбікенұлы осындағы ауылдық кітапханадағы рухани қазынаны көріп, өзінің бірнеше кітабын қолтаңбасымен сыйлады. 400 орынды көрермен залында ауыл тұрғындарымен кездесіп, хал-жағдайларын сұрап білді. Ауыл азаматтары ел ағасының қамқор пейіліне шынайы ризашылықтарын білдіріп, халық қалаулысы ретіндегі қызметіне табыс тіледі.

Тағы бір ат басын тіреген жері – 2015 жылы ашылған жүз орынды «Жақсылық» жекеменшік балабақшасы болды. Ол Елбасының мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту жөніндегі тапсырмасына алғашқылардың бірі болып нақты ісімен атсалысқан кәсіпкердің демеушілігімен іске қосылған. Онда қазір 9 тәрбиеші, күтушілер, басқа да жұмыскерлер бар, барлығы 24 адам жұмыспен қамтылған. Бүлдіршіндер төрт топта тәрбиеленеді.

Мектепке дейінгі мекеменің жағдайымен танысқан депутат сапар соңында «Жақсылық» шаруа қожалығының ауылдан аулақтағы мал бордақылау алаңына барды. Кәсіпкердің ет экспорты бағытындағы ортақ іске қосып жатқан үлесін көріп, жұмысшыларымен кездесті. Жалпы шаруашылықта барлығы 4 мыңнан аса ірі қара болса, соның 300-і етті бағыттағы мал. Жақсылық Үшкемпіров дәмі ерекше, сапасы жоғары етке деген сұраныстың артқанын жеткізді. Осында бордақыланған ірі қараның біразы ет түрінде Түрікменстанға, Тәжікстанға, Өзбекстанға өткізілгенін, алдағы уақытта Ресейге де ет экспорттау ойда барын айтты.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы