ДЕНІ САУ ҰРПАҚ ЕЛ ЕРТЕҢІ

Уақыты: 12.02.2019
Оқылды: 1505
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Баланың сымбатты болып өсіп, дене бітімінің дұрыс қалыптасуы оның күнделікті ішіп-жейтін тамағына тікелей байланысты. Соның ішінде мектепте балаларға берілетін ыстық тамақтың да маңызы зор. Талдықорған қаласындағы М. Ломоносов атындағы №5 орта мектебінің асханасы оқушының да, ұстаздың да, ата-ананың да көңілінен шыққан.

 

Күрделі жөндеуден өткен асхана көздің жауын алады. Техника, орындық, үстеліне дейін жаңаланған. Конфорка мен ауа тазартқыш құрылғыларының арқасында денеңе иіс сіңіп кетеді деп уайымдамайсың. Асхананың бүгінгі келбеті – меңгеруші Бақыт Жансерікованың еңбегі. Оның №5 мектептің ас мәзірін қадағалап отырғанына биыл – 21 жыл. 
– Биылғы оқу жылында мектеп күрделі жөндеуден өтті. Оның ішінде асхана да жаңарып, заманауи құрылғылармен толықты. Ресейдің, немістің, болгариялық құрылғылар. Барлығын ертеңгісін пісіреміз. Келесі күнге қалу деген жоқ. Күнделікті ас мәзірін жаңалап отыруға тырысамыз. Жоғары мамандандырылған, 4-5 дәрежедегі аспаздар ас әзірлейді, – деген Бақыт Әбдікәрімқызы қуырылған тағамның жоқтығын, барлығы арнайы үрмелі пешке пісірілетіндігін жеткізді.

Шынымен де, ас мәзірінен қуырылған самса, бәліш не болмаса басқасын таппадық. Одан бөлек, газдалған сусын атауымен жоқ. Оның орнына табиғи шырын, айран, ауызсуды ғана табасыз. Олар буфеттік жүйеге орайластырылып, бөлек сатылады екен. 

Сондай-ақ, Б. Жансерікованың сөзіне қарағанда, тек қана отандық өнім пайдаланылады. Сүтті тағамдар, жұмыртқа, тауық та Талдықорған аймағындағы өндіріс орындарынан. Ас мәзіріне қатысты меңгеруші: 
– Тек қана сиыр етін пайдаланамыз. Тапсырыс бермес бұрын сертификатын, сараптама нәтижелерін сұраймыз. Міне, 6-7 жыл болды үйренген бір кәсіпорынмен ғана жұмыс істейміз. Балық фаршынан да тағамдар дайындаймыз. Балалар бейсенбі сайын балықтан ауыз тисе, әр күні ыстық сорпадан дәм татады. Өзіміз білетіндей, балықтың құрамында ағзаға қажетті дәрумендер жетерлік. Алғаш оқушылар қарақұмық, балық, щи, борщ, сорпа ішпейтін. Уақыт өте олар да түсініп, өздерін дұрыс тамақтануға үйретті. Қазіргі кезде өздері «мына тамақты қашан пісіресіздер?» деп сұрап, ұсыныстарын айтып жатады, – деді. 

Бұл асхананың басқасынан тағы бір артықшылығы аллергиясы бар оқушылар мен диета ұстанатындарға бөлек ас мәзірі қарастырылған. Оқушылардың тізімін мейірбикеден алып, арнайы тағам даярлайды. 

Күніне 60-70 оқушы тамақтанады. Сонымен қатар, 180 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Оның 90-ы – асхана есебінде. Келген оқушының барлығы Бақыт Әбдікәрімқызымен амандасып, ризашылықтарын айтып жатты. «Жағдайыма байланысты тегін тамақтанамын. Барлық тағамдары дәмді. Осындай асханамыз болғанына қуаныштымын», – деген 8-сынып оқушысы Алтынай Сағындық өзінің лебізін жеткізді. Осыдан кейін арнайы пікір қалдыратын кітапшаны да ашып, парақтап көрдік. Ішінде алғыс пен жегісі келетін тағамдарға тапсырыс жазылған. 

Айта кетерлігі, асханада 14 қызметкер жұмыс істейді. Айлықтың ең төмені – 50 мың теңге. Сомасы біліктілігіне байланысты әртүрлі.  Кешкісін үйлеріне көлік жеткізіп тастайды. Таңғы 6-да алып кетеді. Себебі, 8:45-те ыстық тамақ дайын тұруы қажет.  

Ас мәзірі күнделікті тексеріліп, мектеп директорының қолы қойылады екен. Мейірбикелер де ертеңгісін тағамды тексергеннен кейін ғана оқушыға ұсынады. 
Дұрыс тамақтану денсаулық кепілі. Осы орайда барлық талапқа сай мектеп асханасының бары көңіл қуантады. 

Еңлік ҚАБДЕШ.