ТӨРТ ТҮЛІКТІҢ ТӨРЕСІ

Уақыты: 11.02.2019
Оқылды: 1452
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жылқы сүтінің шипалылығын дәріптеп, елге пайдам тисін деген атымтай азаматтардың бірі атакәсіпті жалғаушы,  Қарасай ауданындағы Кемертоған ауылының тұрғыны Айдархан Берікбаев. Бала кезден ат құлағында ойнап өскен Айдархан Құлынтайұлы жеке шаруашылығында 30 бас жылқы ұстап, оның қымыз, саумал сияқты өнімдерін ел игілігіне ұсынып, пайдасын көріп отыр. 

 

 Атакәсіпті қолға алған төрт жыл ішінде  саумал ішіп,  дертіне шипа тапқандар да жетерлік. Іш құрылысты өз уақытымен  толықтай қалыпқа келтіретін жылқының саумалы талай жанның ауруына ем болған. Бұл – біз айтып отырған саумалдың бірден-бір қасиеті. Ал жылқының қымызы – қан тамырлары жұмысын жақсартумен ерекшеленетінін жұрттың бәрі жақсы біледі. Жылқы сүтінің осындай артықшылығын айтып жүрген кәсіпкер жылқы етін де халыққа ұсынып жүр. 

Айдархан Берікбаевтың жылқы шаруашылығында жеткен жетістігі жетерлік. Солардың бірі – мал шаруашылығы бойынша өткен фестивальдерде І орын алғаны болса, екінші атап көрсететін – Қазақстандағы Франция елшілігі ұйымдастырған шаруашылық жәрмеңкесінде алған Алғыс хаты. 

Жылқы малының айрықша қасиетін жақсы білетін кәсіпкер бұл шаруашылықты қыруар қаржыға кенелу үшін ашпаған. Қазақтың қанына біткен кәсіпті жаңғыртып, әке жолын жалғауды мақсат еткен. Қолдағы 30 бас жылқыны баптаудың оңай емес екенін әңгімелеген Айдархан Құлынтайұлы шаруашылыққа келген уақытын былай еске алады: 
– Әуелде қолымда бірде-бір мал болмаса да оның қора-қопсысын салуды жөн көрдім. Жылқы да тіршілік иесі ғой, жай-күйі болмаса төлдеуі, өнім беруі, өсіп-өркендеуі  қиынға түседі. Сондықтан, жай-жапсарын тұрғыздым. Содан қолда бар қаражат таусылған соң «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына қатысып, 6 пайызды қайтарыммен несие алдым. Оған жеті бас жылқы алған едім, бірақ, бесеуі ұрылардың  қолында кетті. Алайда, бастаған ісімді аяқсыз қалдырмайын деп алғашқы алған қаржымды жауып, тағы да сол бағдарлама арқылы қайтадан несие алдым. Бүгінгі таңда жылқы басы көбейіп, жақсы күтімнің арқасында 30 басқа жетті, – дейді ол.

Айдархан Құлынтайұлының «Берікбаев жеке кәсіпкерлігі» деп аталатын  шаруа қожалығы қазіргі уақытта толықтай бір отбасын жұмыспен қамтып отыр. Жылқы малының жанын түсінетін қызметшілері де ризашылығын білдіріп, тұрақты жалақы алып отырғанын айтады. Шаруа қожалығы  қыс мезгілінде күніне 10-15 литр, жаз кезінде 100 литрге дейін сүт өнімін өндіріп, тұрғындарды емдік сусынмен қамтамасыз етеді.
Кәсіпкердің алдағы мақсаты – мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін пайдалану арқылы жылқы шаруашылығын дамытып, түлік санын көбейту. Айдархан Берікбаевтың тағы бір ойлағаны – өзі өндірген емдік қасиеті бар қымыз, саумал дертке шипа болсын деген ниетпен сауықтыру орталығын ашу. Ол орталықты дәрігерлік қызметпен де байланыстыруды көздеп отыр.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ.