БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ ӨРТТІҢ АЛДЫН АЛУДЫ ТАПСЫРДЫ

Уақыты: 14.02.2019
Оқылды: 993
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Үкіметтің кезекті отырысында 2019 жылғы қаңтардағы ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің орындалуының қорытындылары қаралды. Тұрғын үй секторындағы өрттің алдын алу, биылғы су тасқыны кезеңіне орталық және жергілікті атқарушы органдардың даярлығы да осы жиында пысықталды. Бұл туралы  министр хабарлама жасады.

 

Жиында мәлім болғандай, жалпы ішкі өнім өсімі 2,9 пайызды құраған. Өсім тұтыну нарығындағы, сондай-ақ, өнеркәсіптің өндіруші секторларындағы сұраныстың сақталуымен қамтамасыз етілген. Әсіресе, сусын, резеңке, пластмасса бұйымдары мен жеңіл және химия өнеркәсібі өндірістеріндегі өсім жоғары. Тау-кен өнеркәсібінің өндіріс көлемі де ұлғайған. Бұл мұнай өндіру мен табиғи газ және түсті металдар кендерін өндірудің артуымен байланысты болған. Ауылшаруашылығы саласында да жетістіктер бар. Бұған мал шаруашылығының дамуы оң әсерін тигізген. 

Қызмет көрсету мен көлік салаларында және сауда-саттықта да өсім байқалады. Қаңтардағы айлық инфляция 0,5%-ды құрап, жылдық инфляция 5,2%-ға  дейін бәсеңдеген. Қаржы нарығындағы ахуал да жаман емес. Республикалық бюджеттің атқарылуы бойынша есепті айда кірістер болжамы артығымен орындалған. Жоспардың асыра орындалуы негізінен корпоративтік табыс пен қосымша құн салықтары бойынша қамтамасыз етілген. Шығыстардың орындалу пайызы да былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда жоғары. 

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев экономиканы дамыту бағытында жұмысты одан әрі күшейту керек екенін айта отырып, құрылыс саласына назар аударуды тапсырды. 
ҚР Ішкі істер министрлігінің берген мәліметіне қарағанда, мемлекеттік өртке қарсы қызмет және жергілікті атқарушы органдар өртке қарсы іс-шаралар қабылдап жатқан көрінеді. Осы ретте елдің барлық аймағында тұрғын үй секторында өрттің алдын алу жұмысын үйлестіру штабтары құрылған. 

Бұдан өзге, өткен жылдың шілде айында адам көп баратын нысандардың қауіпсіздігін арттыру бағытында ҚР Ішкі істер, ҚР Ұлттық экономика, ҚР Қаржы, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің және ҚР Ұлттық банкінің бірлескен бұйрығымен тиісті Жол картасы бекітілген. Осы құжат аясында сәулет және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге аталған нысандарға өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаңдату тұрғысынан 89 өзгеріс пен толықтыру енгізілген. Аталмыш министрлік, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайдың туындау қаупін төмендету бойынша іс-шаралар кешенін жүргізуде. 

Үкімет басшысы өртке қарсы қызмет және су тасқынына қарсы қорғанысты қамтамасыз ету жөнінде бірқатар міндет жүктеп, ІІМ қызметкерлерін өрт қауіпсіздігі саласындағы жұмыстарды тиісінше атқармағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА.