БАСТЫ ҰСТАНЫМЫМ - ЖАУАПКЕРШІЛІК

Уақыты: 14.02.2019
Оқылды: 958
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Аркенжан Садыров «Көктөбе» радиотелевизиялық стансысында 32 жылдан бері жұмыс істейді. 1987 жылы ол өзінің кәсіби еңбек жолын антеннашы-діңгекші қызметінен бастады. Ал бүгінде антенналық-фидерлік жүйелерді пайдалану цехының басшысы. Осы ретте тәжірибелі маман бізге отандық телерадио хабарларын тарату саласындағы қызмет жолын қысқаша әңгімелеп берді. 

 

– 90-шы жылдары елде коммерциялық телеарналар ашыла бастады. Біз сигнал жіберуге қажет барлық жабдықты өз бетімізше орнаттық. Бастысы, қауіпсіздік техникасы ережелерін естен шығармау керек. Ол жылдары негізгі таратқыштар тек түнгі мезгілде ғана өшірілетін. Сондықтан жарық орнатып, жабдықты түнде құруға тура келді. Жабдықтардың іркіліссіз жұмыс істеуі күн сайын бақыланады. Мойынға алған істі әр уақытта сапалы орындауға тырысамыз. Себебі, әр көрермен теледидардан өзіне ұнайтын бағдарламалар мен сериалдарды, фильмдерді, тағы басқаларын демалып отырып көргісі келеді. Осының бәрі зор жауапкершілікті талап етеді, – дейді Аркенжан Садыров. 

Ұжымында тәжірибелі маман үлкен құрметке ие. Жас қызметкерлер оның ақыл-кеңесіне жиі жүгінеді. Антенналық-фидерлік жүйелерді пайдалану цехының инженері Талғат Аталықов жұмыс барысында Аркенжан ағаның қол ұшын беруге әрдайым дайын тұратынын айтады.     

Талғат Аталықов:  «Аркенжан аға өз ісінің шебер де сауатты маманы. Мен онымен бірге жұмыс істейтініме қуанамын. Өйткені, тәжірибелі маманнан көп нәрсе үйренуге болады. Біз негізінен биікке өрмелеу жұмысын атқарамыз. Сол кезде ол кісі жасының үлкендігіне қарамастан РТС-қа бізбен бірге көтеріледі. Сөйтіп, барлық жабдықтың тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін нені қалай жасау керек екенін көрсетіп, үйретеді», – дейді әңгімесінің бірінде. 

Аркенжан Садыров жұмыс барысындағы басты ұраны – жауапкершілік екенін және Алматы облысы тұрғындары алдындағы міндетін әрдайым назарда ұстайтынын айтады. 

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бүкіл ел бо- йынша цифрлық эфирлік хабар таратуды енгізу, оған толықтай көшу жоспарланған. Цифрлық хабар таратуға кезең-кезеңімен көшуге байланысты биыл Алматы, Павлодар және Қостанай облыс- тарында аналогты телехабар таратуды өшіру мен цифрлық стандартқа толық көшу жұмыстары жүргізілмек, ал 2022 жылға қарай Қазақстан аналогты хабар таратудан толық бас тартатын болады.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА.