ҚАЛА ГАЗБЕН ҚАМТЫЛДЫ

Уақыты: 15.02.2019
Оқылды: 798
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жаркент  қаласының  тұрғындары қыс  маусымында  баспаналарын  жылытуға  негізінен  қатты  отын  пайдаланып  келген. «APLCONSTRUCTION» ЖШС жоғары қысымды  газ  құбырын  жеткізетін реттегіш  нысанын  іске  қосып,  өткен  жылдың  басынан  қаланың  оңтүстік  бөлігіндегі  тұрғындардың  үйлерін  көгілдір  отынмен  жылытуға  көшіре  бастады. 

 

Қазір  Жаркент  қаласының  жартысынан  астамы газбен  қамтылып, аудан  орталығындағы  көшелер мен басқа  да  елді мекендерге  және «Қорғас – Шығыс  қақпасы»  арнайы  экономикалық  аймағына  дейін  жалпы  90 шақырым  газ  құбыры  тартылды. Қалада  «Жаркент  крахмал-сірне»  зауыты,  «Алматы» қонақүйі, «Сафар», «Арина» мейрамханалары  сияқты бірқатар  кәсіпорын  көгілдір  отынға  қол  жеткізді.

Газ  құбырын  үйге  тарту  үшін қала тұрғындары  серіктестікпен 1200-ге  жуық келісімшарт  жасап, олардың  700-ден  астамы  биылғы  қыс  маусымында  үйлерін  жылытуға  көгілдір  отынды  пайдаланды. Сөйтіп, өңірге  жеткізілген  табиғи  газ көне  қаланы    қоңырсыған  көмір түтінінің   исінен  арылта  бастады. Ағымдағы  жылы Жаркент  қаласының  солтүстігі толықтай көгілдір  отын  құбырларымен қамтылып,  серіктестік  Сарыөзек – Қорғас  тасжолы  бойындағы  ауылдар тұрғындарын газбен  қамтамасыз  етуге  бет  бұрмақ.


Мырзағали  Нұрсейіт
Панфилов ауданы