БЕРЕКЕЛІ ОТБАСЫ

Уақыты: 16.02.2019
Оқылды: 1460
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Мейіржан – Қытайдан атажұртын аңсап келген қандас бауырларымыздың бірі. Әкесі Тұрсынәліден өмір мен еңбектің өнегесін алып өскен ұл бүгінде Тасашы ауылында өз кәсібін дөңгелентіп отыр.

 

Бір әулеттің шаруа қожалығына жетекшілік жасап отырған Мейіржанның іскерлігіне ел сүйсінеді. Тақиятөбе жайлауында қоныс тепкен қожалықтың 50 жылқысы, 35 сиыры мен жүзге жуық қой-ешкісі бар. Төрт түліктен тыс мал азығын дайындауға қажетті екі трактор және шөп шабатын, тайлайтын, тасымалдайтын техника, қосымша жүк көлігін сатып алған. Қазіргі таңда қожалықтағылар қыс қамымен жүр. 

Берекелі қожалықтың дастарқанынан сүттен әзірленген тағамдардың түр-түрін көресіз. Келген қонақ ет жеп, қымыз ішпей кетпейді. Отбасын ұйытып, бір арнаға істі бұрып отырған Бәтиманың еңбегі зор. Ала таңнан сиыр мен бие сауып, сүт тартып, күні бойы үй шаруасынан қолы босамайтын еңбеккер келін көптің батасын алған. Бүгінде Мейіржан мен жары Бәтима екеуі бес бала тәрбиелеп  отыр. Отыз жастарында өз кәсіптерінің жемісін, балаларының қызығын көріп отырған жас отбасына әркім қызыға қарайды-ақ. 

Қанат БІРЖАНСАЛ.