Алғашқы қант алынды

Уақыты: 17.10.2016
Оқылды: 1724
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Көзді ашып-жұмғанша күздің екінші айының орта тұсына да аяқ бастық. Тәтті түбір өсіруге ден қойған диқандар да күздің әр күнін қалт жібермей, тиімді пайдалануда. Осы ретте облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ «Көксу қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, ондағы қауырт тірлікпен танысты. Зауыт алаңында үйілген қызылшаны көріп, одан алынған алғашқы қанттың дәмін татты.

Облыс басшысын аталмыш серіктестіктің құрылтайшысы Нұрлан Тілеубаев қарсы алды. Амандық Ғаббасұлы бастаған топ алдымен кәсіпорынды тұтастай аралап, іркіліссіз жүріп жатқан жұмысты көрді. Мұндағы жұмыс үрдісі негізінен озық қондырғылардың күшімен автоматты түрде жүзеге асырылуда. Оны білікті мамандар басқарады. Зауытқа жеткізілген өнім құрылғылар арқылы жуылып, шайылып, туралып, тәтті қантқа айналып жатыр. Облыс басшысы сол жерде қантты алақанына салып, дәмін татып көрді. Бұдан соң өнім қапталып, қатталып, тиісті орындарға жөнелтілетін цех жұмысына назар аударылды. Байқағанымыздай, жаңа жүйеде жұмыс атқарып тұрған өндіріс орнындағы құрылғылардың басым бөлігі жаңаланыпты. 
Нұрлан Тілеубаевтың айтуынша, биыл қомақты қаржы құйылып, өндіріс орны жаңғыртылған. Сөйтіп, барлық жүйе автоматтандырылыпты. Яғни, бұл өнімділікті көтеріп, электр қуатын тұтыну көлемін азайтуға ықпал еткен. Жаңғырту жұмыстары келесі жылы да жалғаспақ. Жақсы істің жаршысы бола білген Амандық Ғаббасұлы бұдан соң қызылша қабылдау пунктіне барып, алаңда үйілген ат басындай қызылша түбірлеріне көңіл аударды. Сол жерде шаруалармен тілдесіп, қал-жағдайларын білді. Қызылшашылар биыл өнімнің мол болғанын, алды гектарынан 600-700 центнерден тәтті түбір жинағандарын айтып, арқа-жарқа болды. Тіркемелеріне қызылша тиеген автокөліктер кезек күтіп, дақылды өткізуге асығуда. 
– Біз осы маусымдағы алғашқы қантты алдық. Мұндай жақсылыққа мемлекеттің қолдауы мен қажырлы еңбектің, бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз. Облыс бойынша биыл 6800 гектар жерге тәтті түбір себілді. Шамамен 240-250 мың тонна өнім жиналады деп көзделуде. Одан 24-25 мың тонна қант алынады. Қызылша алқабының көлемін жылдан жылға ұлғайтатын боламыз. Яғни, алынатын қант көлемі де өсе түспек. Алдағы уақытта Қарабұлақ, Алакөл, Ақсу қант зауыттарын іске қосу жоспарда бар. Қабылданған кешенді шаралар Мемлекет басшысының халықты отандық қантпен қамтамасыз ету туралы тапсырмасын абыроймен орындауға серпін береді деген ойдамыз. Ішкі қажеттілікті өтегеннен кейін біз өнімді экспортқа шығаруға талпынатын боламыз, – деді Амандық Ғаббасұлы.
Сондай-ақ, өңір басшысы қызылша өсіретін аудандарда тәтті түбір қабылдайтын пункттер ашылатынын айтты. Онда зауыт құрылтайшылары зертхана мен өлшеу құрылғыларын орнатпақ. Қызылшашылар өсірген тәтті түбірді қабылдау пунктіне әкеліп тапсырады, ал құрылтайшылар оны зауытқа өз күштерімен жеткізеді. Есептесу жергілікті жерде сол мезетте жүргізіледі. 
Көксу ауданындағы қабылдау пунктінде қабылдау ісін жылдамдатуға серпін беретін германиялық құрылғы қойылмақ. Осылайша, зауытқа өнім әкелген шаруалар қызылшаны өсіру мен өткізуді жеңілдетуде қолға алынатын жаңалықтарды естіп, ризашылықтарын білдірді. 


А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ.