ОБЛЫС БЮДЖЕТІ ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА БАҒЫТТАЛДЫ

Уақыты: 07.03.2019
Оқылды: 1137
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыстық әкімдікте мәслихаттың кезектен тыс ХХХХІV сессиясы өтті. Оған облыстық мәслихаттың хатшысы Cұлтан Дүйсембінов, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері мен депутаттар қатысты. Сессия жұмысын облыстық мәслихаттың депутаты Қуат Сұлтанғазиев жүргізді.  

 

Күн тәртібінде қаралған алғашқы мәселе 2018 жылғы 13 желтоқсандағы «Алматы облысының 2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» №38-211 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайы болды. Бұл турасында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов баяндама жасап, облыс бюджетінің қорытындысы бойынша қалыптасқан бос қалдық қаражаттары кірістер болжамының артық орындалуынан 9,6 млрд. теңгені құрап отырғандығын жеткізді. Осыған орай бюджетке төмендегідей өзгерістер енгізуді ұсынды. Онда әсіресе  көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына көмек беруге мейлінше көңіл бөлінген.

Атап айтар болсақ, Талдықорған қаласында тұратын аз қамтылған отбасыларына көміртегі тотығы құрылғыларын сатып алуға, әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындардың үйін табиғи газға қосуға, көпбалалы аналардың жолақысын төлеуге қаражат бөлу көзделген. Білім беру саласы бойынша жалпыға бірдей міндетті орта білім қорының есебінен көпбалалы отбасындағы балаларды ыстық тамақпен қамтуға қосымша 450 млн.теңге қарастырылып отыр. Көпбалалы отбасындағы балалардың мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі ата-ана төлемінің 50 пайызын субсидиялауға, аз қамтылған отбасы балаларына грант тағайындауға да  қаржы бөлінбек.

Бұдан бөлек, Талдықорған политехникалық колледжінің ІТ орталығын материалдық-техникалық жабдықтауға, Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында балалар шығармашылығы орталығын ашуға, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылындағы Б.Соқпақбаев атындағы орта мектептің базасында тест орталығын құруға мүмкіндік жасалмақ. Даму бюджетінің шығындары бойынша 4 жатақхана құрылысына 1,7 млрд., Кеген ауданының Саты ауылындағы мектепке жапсаржай салуға 150 млн. теңге қаржы бағытталып отыр.

Денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға да 200 млн.теңге қарастырылуда. Бұл қаражат оқушылар арасында скринингтік зерттеулер жүргізу үшін жабдықтар сатып алуға жұмсалмақ. Сонымен қатар, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында емхананың, Көксу ауданы, Көксу стансысында дәрігерлік амбулаторияның құрылысын бастауға, Балқаш аудандық орталық аурухана ғимаратын сейсмикалық күшейтуге де қаржы бөлінбек. Әлеуметтік сала бойынша 642 мүгедектің және мүгедек балалардың санаторлық-курорттық емделуіне 62 млн. теңге бағытталуда.

Сессияда қаралған тағы екі мәселе – Алматы облыстық мәслихатының 2015 жылғы 14 желтоқсандағы №51-228 шешімімен бекітілген Алматы облысының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жайында да облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт  Әмірханов есеп берді.

Жиында қаралған бюджетке енгізілетін өзгерістерді депутаттар бірауыздан қолдап, дауыс берді.

Алма ЕСЕНБАЕВА