ЖАҢА ЖОБА ӘЗІРЛЕНЕДІ

Уақыты: 07.03.2019
Оқылды: 895
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті. Қазіргі бағдарлама 2020 жылға дейін есептелінген. Бұл туралы Премьер-Министр Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. 

 

Жиын барысында Үкімет басшысы бірқатар облыс әкімінің «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндамаларын тыңдаған соң: «Бағдарламаның аса маңызды міндеті – халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Жаңа жолдар салу жүк тасымалдау кезінде бизнес үшін көліктік шығындарды кемінде 15 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде бұл өзіндік құнның арзандауына және тұтынушыларға сатылу бағасына ықпалын тигізеді, – деп мемлекеттік органдарға «Нұрлы жолды» орындауға жұмылуды жүктеді. 

Өткен жылдың өзінде 86 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, биыл жоспар бойынша тағы 54 мың жұмыс орнын құру көзделген. Сондай-ақ, бағдарламаны іске асыру елдің көліктік әлеуетін дамытуға үлкен серпін берді. Өткен жылы транзиттен түскен кіріс 1,5 млрд АҚШ долларын құрады. Сонымен қатар, ағымдағы жылдан бастап 471 шақырым ақылы жол пайдалануға берілген. Оның ішінде Алматы – Қапшағай, Алматы – Қорғас, Талдықорған – Алматы жолдары да бар. Ал 2020 жылға дейін 5,5 мың шақырым ақылы жол іске қосылмақ. 

Премьер-Министр экономиканың дамуына үлкен үлес қосқан жобалардың бірі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы болғанын атап өтті. Жоба аясында 47 жаңа өндіріс пен 73 қызмет көрсету нысаны құрылып, бағдарламаның орташа жылдық жиынтық тиімділігі 200 млрд. теңгені құрады.

«Бағдарлама аяқталатын биылғы жылға да үлкен жоспарлар бар. Республикалық маңызы бар жолдар қайта құрылымдалып, 5 мың шақырым жергілікті жол жөнделеді. Осыған орай, мемлекеттік органдар, құрылыс компаниялары белгіленген жоспарларды орындау үшін қарқынды жұмыс атқаруы тиіс», – деген Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Нұрлы жол» бағдарламасының 2020–2025 жылдарға арналған келесі кезеңін әзірлеуді тездетуді тапсырды.

Еңлік ҚАБДЕШ