ТҰРМЫС ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРАДЫ

Уақыты: 07.03.2019
Оқылды: 947
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан Республикасы Үкіметінде өткен баспасөз мәслихатына Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Ауылшаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов қатысып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде айтқан «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын іске асыру міндеттерін таныстырды.

 

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Қазақстанның дамуындағы жаңа кезеңнің басталғанына тоқталып, алдағы жылдарға межеленген мақсаттарға қосымша 2,3 триллион теңге бөлінетінін атап өтті. Алдағы үш жылдың ішінде жұмсалатын қаржы ең алдымен табысты арттыру және халықтың аз қамтылған бөліктерін қолдау, табысы төмен азаматтардың баспана мәселесін шешу және білім беру, денсаулық сақтау сапасын жақсарту, өңірлерді кешенді дамыту мақсаттарын қамтиды. Осыған орай келер аптадан бастап өңірлерге ұйымдастырылатын жұмыс сапарларында жергілікті халыққа түсіндіру шаралары өткізіліп, жекелеген азаматтарды қабылдау жұмыстары жүргізіледі.  

Жұмыс сапарына өзі бастап шығатынын жеткізген Премьер-Министрдің орынбасары, ең алдымен, халықты жұмыспен қамту, түрлі деңгейдегі несиелер беру, үйде жұмыс істеуге жағдай жасау сынды мәселелер қозғалатынын атап өтті.

ҚР Еңбек және халықты  әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл 1 шілдеден бастап 30%-ға дейін өсетін бюджеттік саланың жекелеген қызметкерлерінің жалақысы 1 миллионнан астам адамды қамтитынын, олардың қатарына азаматтық қызметші, денсаулық, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауылшаруашылығы сынды салаларда жұмыс істейтіндер, 1-8-разрядтағы жұмыскерлер, қосалқы (техникалық), әкімшілік және негізгі персоналды мамандар жататынын атап өтті. Жалақы көлемін арттыру мақсатына мемлекет 3 жыл ішінде шамамен 77 млрд. теңге қосымша қаражат бөледі. Бердібек Машбекұлы одан кейін табысы әр отбасы мүшесіне есептегенде ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ынан аспайтын аз қамтылған отбасыларға ұсынылатын қолдау шаралары туралы айтып, былтыр 571 мың адамның немесе 111 мың отбасының атаулы әлеуметтік көмек алғанына тоқталды. Оның айтуынша, еңбек етуге қабілетті АӘК алушылар жұмыспен қамтылып, 125 мың адамға      әл- еуметтік бейімдеу шаралары көрсетілді. Биыл 1 шілдеден бастап күшіне енетін атаулы әлеуметтік көмек көп балалы отбасындағы әр балаға шаққанда 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін көтерелетінін айтқан министр «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төсбелгілерімен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы, сондай-ақ, мүгедектігі бойынша балаларға берілетін жәрдемақы күнкөріс деңгейінің мөлшерін есептеуге кірмейтінін түсіндірді. Еліміздің 830 мыңнан астам азаматын қамтитын әлеуметтік көмекті алуға қажетті құжаттарды оңтайландыру арқылы АӘК тағайындау рәсімі жеңілдетілетінін, құжаттар мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен сұратылатынын, ақпараттық жүйелерде мәлімет жетіспеген жағдайда халықты жұмыспен қамту орталықтары немесе ауылдық округ әкімдіктерінің мамандары тиісті мемлекеттік органдарға сұрау салатынын жеткізді. Сонымен қатар, көпбалалы отбасыларды жұмыспен қамтуды қолға алу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы көпбалалы отбасыларға жаңа бизнес-идеяларға 505 мың теңге мөлшерінде өтеусіз негізде мемлекеттік гранттар беруді, шағын несие беру аясында биыл 5 мың шағын несиені ауылдағы көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар адамдар арасында кәсіпкерлікті дамытуға бағыттауды көздеп отырғанын атап өткен Бердібек Сапарбаев 15 мың  көпбалалы отбасы өз ісімен айналысуға мүмкіндік алатынын атап өтті. Соған орай ауылдық жерлердегі көпбалалы аналар мен мүгедектігі бар адамдар өз ісін ашу үшін 6,5 миллион теңгеге дейін және зәкірлі кооперацияны дамытуға 20 миллион теңгеге дейін жеңілдікті шағын несиелер ала алады. 

Баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Ауылшаруашылық министрі Сапархан Омаров, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов кезекпен өздеріне қатысты салалардағы мүмкіндіктер мен жеңілдіктерді таныстырып, халықтың тұрмыс сапасы мен табысын арттыру бағытында қолға алынып жатқан шаралардың тиімділігін түсіндірді. Олардың айтуынша, биыл 1 шілдеден бастап жалақысы төмен дәрігерлер мен медбикелердің, мұғалімдер мен тәрбиешілердің жалақысы 30%-ға дейін ұлғайтылып, келешегі бар ауылдардағы әлеуметтік сала дамытылады, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында жыл сайын 30 миллиард теңгеден бөлініп, 1500 елді мекен қаржыландырылады. Бұл қаржы шалғай ауылдардағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды, әлеуметтік нысандарды дамытуға жұмсалады. Одан бөлек, жұмыспен қамту қолға алынып, мал шаруашылығын дамытуды көздеген жандардың бастамасы қолдау табады. Баспана зардабын тартып, пәтер жалдап жүрген 28 мың көпбалалы отбасыларды үймен қамтамасыз ету үшін 7 жыл ішінде жыл сайын 6 мың жалдамалы пәтер салынып, 2025 жылға дейін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер пайдалануға беріледі. Қысқасы, халықтың әлеуметтік тұрмыс сапасын арттыру бағытында қыруар жұмыс атқарылып, мыңдаған адам мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдаланады.

Мәди АЛЖАНБАЙ