МАҚСАТ - МЫҢҒА ЖЕТКІЗУ, БІРАҚ...

Уақыты: 11.03.2019
Оқылды: 1210
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алатау ауылдық округіне қарасты «Алтай» шаруа қожалығында асыл тұқымды сиыр санын мыңға жеткізу көзделген. Әзірге қолда бар жүз сиырдың бағымын жақсартып, он шақты сауын сиырдан сапалы сүт алуға шаруашылық еңбеккерлері бар мүмкіндікті жұмылдыруда.

 

– Шаруа қожалығын қолға алғанымызға екінші жыл болды. Негізі бұрыннан қаланған шағын ферманың жұмысын жандандырып, асыл тұқымды ірі қара санын арттыруға қолда бар қаражатты салдық. Осы мақсатта Қарағандыдан әкелінген ет-сүт бағытындағы «Семинталь» тұқымдас сиырлардың ерекшелігі – біздің табиғатқа тез бейімделгіш келеді. Сүтінің құнары өте жоғары. Еті де таңдайға татымды, дәмді. Бастапқыда өз қаражатымызға 50 бас сатып алсақ, жыл соңында мемлекеттік бағдарлама бойынша 50 бас сиырға субсидия алып, 100-ге жеткіздік. Осы күні 12 бас сиыр сауылады. Айына 200 литр табиғи әрі сапалы сүт сауылып, Талғар қаласындағы «Ковчег» отбасылық балалар үйіне жеткізіледі. Алдағы көктемде 25 сиыр бұзауласа, сүт мөлшері бұдан да көбейе түспек. Қарамағымызда асыл тұқымды жылқы мен қой бар. Мал басын кемітпей, қыстан қоңды шығуына бар жағдай жасалған. Жемшөп жеткілікті. Мал азығының берік қорын жасауда 3 мың орама шөп, 5 тонна жем дайындалды, – дейді малдың жай-күйін түсіндірген шаруа қожалығының меңгерушісі Евгений Огурцов.

Шаруа қожалығына  қарасты 8 гектар суармалы жер тиімді пайдаланылған. Сондай-ақ, жемшөп әзірлеу мен тасымалдауда әртүрлі техникамен қатар еңбек күші де жеткілікті. Осы күні шаруа қожалығында 6 адам еңбек етсе, олардың жалақылары еңбегіне қарай төленеді.

Аталмыш қожалық алға қойған міндеттерінің бірі – Үкімет тарапынан тағы қолдау көрсетілсе сауын сиыр санын мыңға жеткізіп, шаруашылықтың іргесін кеңейту. Мал қораны жылылап, техникаларды жаңарту жұмыстарын қолға алмақ. Сөйтіп, отандық табиғи таза ет пен сүттің өндірілуіне өзіндік үлестерін қосуды діттеуде.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы