ЕСКІРГЕН ЕСЕПТЕУІШТІ АУЫСТЫРУ - ЗАҢ ТАЛАБЫ

Уақыты: 14.03.2019
Оқылды: 1184
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Соңғы кездері электр қуатын есептеу құралдарын жаңасына ауыстыру талап етілуде. Осы мәселе бойынша тұтынушылар арасында әртүрлі сұрақ туындап жатыр. Осыған «ТАЭТК» АҚ баспасөз хатшысы Нұржамал Әбеуова жауап береді.

– Нұржамал Құдайбергенқызы, Талдықорғанда электр қуатын есептеу құралын ауыстыруға не себеп болуда?
– Аталған құралды ауыстыру біздің талап емес, ол қолданыстағы заңнама талабы. Ескірген құрылғының жұмыс істеу мүмкіндігі аяқталған, яғни, жарамдылы­ғы біткен. Ол белгілі бір кезең сайын тексеріліп тұруы керек. Мұндай есептеу құралын жөндеуге және тексеруге тыйым салынған. Ескі индукциялық есептегіште 10 немесе 16 ампер орнатылған. Олар 2 киловатт жүктемені ғана көтере алады. Мәселен, үйде қолданатын электр еттартқышы 1,5 киловатт қуат жұмсайды. Қазір көп үйде қысқатолқынды пеш, тоңазытқыш, теледидар, компьютер, су жылытқыш сынды тұрмыстық техникалар жетіп-артылады. Олар үлкен сыйым­дылықты қажет етеді. Ал біз айтып отырған ескі есептеу құралы оны көтере алмайды. Сондықтан оны жаңасына ауыстыру керек.
– Тұтынушы құрылғыны не себепті өз қаражатына ауыстыруы тиіс?
– Өйткені, құрылғының иесі – тұтынушының өзі. Мен­шігіндегі құрылғыға тұтынушының өзі жауапты. Бүгінде жаппай ауыстыру бо­лып жатқанын ескере келе тұтынушыға өз тарапымыздан көрсеткен көмек ретінде, Талдықорған ЭЖА құралды орнату шығынын өзіне алып отыр. Тұтынушы есептеу құралын өзі сатып алады. Ал Талдықорған ЭЖА оны тегін орнатып береді.
– Көптеген тұтынушы Талдықорған ЭЖА есептеу құралын сатып алып, енді соны бізге сатып жатыр деп ойлайды?
 – Біздің кәсіпорын есептеу құралын сатумен айналыспайды. Біз тек ескірген құрылғыны ауыстыру жөнінде ескертіп, жаңа құрылғыны орнатып береміз. Ол арнайы дүкендерде сатылады. Тұтынушы таңдағанын алады. Біздің талап – аталған құралдың есептеу дәлдігі 2,0-ден төмен болмау керек және ол өлшем бірлігін қамтамасыз ететін мемлекеттік жүйелік тізілімге енгізілген болуы тиіс. Талдықорғандағы дүкендерде орташа бағамен алғанда бір фазалық электрондық есептеу құралы 3500-4000 теңге тұрады. Тұтынушы есептеу құралын сатып алған соң ескертпеде көрсетілген абоненттік бөлімге хабарласып, оны қашан орнатып, пломба салатыны туралы келіседі.
– Таныстардан естіп жатырмыз, кейбір тұтынушыға тегін есептеу құралын орнатып жатқан көрінеді. Қандай тұтынушы осы категорияға жатады?
– «ТАЭТК» АҚ-ның электр желілерін жаңғырту аясында  (АСКУЭ) – электр қуатының автоматтандырылған коммерциялық есептеу жүйесі бағдарламасын енгізу бойынша кезең-кезеңмен Талдықорған қаласы тұтынушыларының электр қуатын есептеу құралын PLC-модемі бар құралға ауыстыру жүріп жатыр. Бұл құралды ауыстыру «ТАЭТК» АҚ-ның инвестициялық күрделі салымдары есе­бінен жүргізіледі. Бұл қаражат тарифте ескерілгендіктен құрал үшін де орнату жұмысы тегін жүргізіледі.
Бұл есептеу құралының артықшылығы – сигнал мен есептеу құралының көрсеткішін арнайы құрылғыға қашықтықта беруі болып саналады. Бір сөзбен айтқанда, жаңа құрылғы барлық ақпаратты орталық арнайы құрылғыға жіберіп отырады. Сондықтан да олардың бағасы қымбат. Есептеу құралының мұндай режимде істеуі – есептеу құралының көрсеткішін алу үшін тұтынушыны мазаламай-ақ пайдаланған электр қуаты жөнінде шотты сапалы әрі мерзімінде жасауға мүмкіндік береді. Бүгінде мұндай құрылғымен қала тұтынушыларының 40 пайызы қамтылған. Қазіргі кезде ескертпе беріп ауыстырып жатқан есептеу құралын жаңғырту аясында электр қуатының автоматтандырылған коммерциялық есептеу жүйесі бағдарламасын енгізу бойынша ауыстырылып жатқан есептеу құралымен шатастырмау керек.
– Есептеу құралы қай уақытқа дейін ауыстырылуы тиіс?
– Бәрін бір мезетте ауыстыру талап етілмейді. Өйткені, бұл біз үшін өте күрделі. Айта кетейін, құрметті тұтынушылар, егер сіздерге есептеу құралын ауыстыру жөнінде ескертпе берілген болса, түсіністік танытуларыңызды сұраймыз. Ауыстыру жөнінде ескертпе, жоғарыда түсіндірілгендей, тек есептеу құралы ескірген, жарамдылық уақыты аяқталған, тексеру уақыты өткен көне есептеу құралы бар тұтынушыға ғана беріледі. Тағы бір ескеретін жайт, есептеу дәлдігі 2,5 құ­­ра­­лы қазір тексеруден өткізіл­­мейді. Оларды тек ауысты­­ру керек. Тұтынушылар арасында мынадай жағдай да болды: есептеу құралын ауыс­­тыру жөнінде ескертпе ал­­ған тұтынушы жаңасын ал­­ғанша осы құралды тексере­­тін компанияларға барып, құ­ра­лын тексерткен тиімді деп есептеп, оған тексеру жүр­­гізеді. Құралға тексеру жүргізетін компаниялар мұн­дай құрылғыға тексеру жа­сауға тыйым салынғанын ай­туды ұмытып жатады. Тұтынушы тексеру ақысын төлеп, оны орнатып, пломба қоюды талап етеді. Ал біз мұндай құрылғыны пломбаламаймыз. Тұтынушы бізге талап қоя бастайды. Ескерту алған соң біздің мамандармен хабарласып, қандай құралды тексертуге болатынын, ал қандай құралды жаңасына ауыстырып және оның қай түрін алу керектігін сұрап, біліп алған жөн.
– Әңгімеңізге рахмет!

Айгүл БАЙБОСЫНОВА