ЕҢБЕК КИКІЛЖІҢІ 14 ЕСЕГЕ ТӨМЕНДЕДІ

Уақыты: 14.03.2019
Оқылды: 1348
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жалақы дер кезінде төленбей, еңбек шарты бұзылып, жұмысшының мүддесі мен құқығы тапталған жағдайда оларды заң жүзінде қорғайтын жалғыз ұйым – кәсіподақ. Еңбек туралы заңнамалардың орындалуына қоғамдық бақылау жасайтын, әлеуметтік жеңілдік пен кепілдікті көздейтін келісімдер, ұжымдық шарт жасап, оның орындалуын қадағалайтын да осы ұйым. ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Біржан НҰРЫМБЕТОВ осы жайлы әңгіме өрбітті.

– Біржан Бидайбекұлы, еңбек адамын қорғап, қауіпсіздігін сақтау – кәсіподақтың негізгі міндетінің бірі және бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарудасыздар. Жасыратыны жоқ, кей жағдайда жұмыс беруші мен жұмысшы арасында еңбек дауы мен кикілжіңдерге жол беріліп қалатыны рас. Осыны болдырмау үшін еңбек адамы нені ескеруі шарт және оның алдын алу үшін кәсіподақ қандай қарекет жасайды?
– Жұмысшының құқығын қорғаудағы ең басты құжат – ол жеке еңбек шарты. Жұмыс беруші жұмысқа тұрған адаммен еңбек келісімшартын міндетті түрде жасау керек. Кәсіподақ ұйымдарының әлеуметтік әріптестермен бірге «Еңбек келісімшартын жаса!» республикалық акциясын бастаудағы мақсаты да осы. Акция кезінде ел бойынша 10 мыңнан аса жұмыс беруші 37 мың жұмысшымен еңбек келісімшартын жасады. Оның ішінде, акция аясында облыста 2 171 еңбек шарты бекітілді. Осы арқылы жұмысшылардың құқы мен әлеуметтік қорғалуы қамтамасыз етілді. Екіншісі, әлеуметтік әріптестік құралдары – еңбек қатынастарының және еңбек ұжымының ішкі тұрақтылығын қамтамасыз ететін тетік. Осы бойынша еңбек қатынастары жүйесін жақсартуға жол ашылады. Әлеуметтік әріптестік шеңберінде жұмысшылардың еңбек құқы мен мүддесін тиімді қорғаудың басты құралы – ұжымдық келісімшарт. Еңбек адамының жағдайы, әлеуметтік қорғалуы мен еңбек қауіпсіздігі – бәрі ұжымдық келісімшартта айқын жазылуы тиіс. Оны көрген еңбек адамы ертеңгі күніне алаңдамайды. Уақытылы еңбекақы алатынына, отбасын асырайтынына, әлеуметтік қорғауға кепілдік болатынына көзі жетеді. 2017 жылы 77 750 ұжымдық келісімшарт жасалған еді. 2018 жылы бұл көрсеткіш 16 пайызға артты. Сондай-ақ, ұжымдық және жеке дау-дамайлардың алдын алу мақсатында 2018 жылы «Атамекен» ҰКП және ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Осы құжат арқылы аймақтардағы әлеуметтік жағдайларға мониторинг жүргізуге, өзара жедел ақпарат алмасуға, еңбек дауы туындайтын кәсіпорындарға барып, дау-дамайдың алдын алуға мүмкіндік бар. Былтыр еңбек заңдылықтарын сақтау, әлеуметтік-еңбек дауларын шешу, еңбек кикілжіңдерінің алдын алу бағытында Кәсіподақ федерациясы «Нұр Отан» партиясымен меморандумға қол қойды. Осыған байланысты жүзеге асқан ауқымды жұмыстың бірі «Лайықты еңбек – Мемлекет тұрақтылығының негізі» атты тақырыпта былтырғы желтоқсанда Павлодар облысындағы Ақсу ферроқорытпа зауытында өткен форум. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ұжымдық еңбек даулары алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр 2,5 есеге азайды. Жалпы соңғы бес жылда еңбек кикілжіңдері 14 есеге төмендеді. Кейде еңбек даулары мен кикілжіңге байланысты мәселені сотқа жеткізбей шешуге болады. Осыны ескере отырып ҚР Жоғарғы Соты мен кәсіподақ арасында жасалған меморандумға сәйкес еңбек, әлеуметтік және басқа да дау-дамай мен жанжалдарды шешу үшін өңірлердегі кәсіподақ орталықтарында 17 татуласу орталығы құрылды. Онда судьялар мен кәсіподақ медиаторлары ойдағыдай жұмыс жүргізіп отыр. Өткен жылдың наурыз айынан бергі аз уақыт ішінде кәсіби медиаторларды, адвокаттар мен кәсіподақ мамандарын тарту арқылы «Татуласу орталықтарында» 2140 процедура өткізілді. Оның ішінде 980 еңбек дауы оң шешімін тапты. Еңбек ұжымдарында 1700 адам қатысқан 481 ақпараттық-түсіндіру шаралары өтті.
– Елбасы ең төменгі еңбекақы мөлшерін бір жарым есеге көбейту, жұмысшылардың еңбекақысын уақытылы төлеу жөнінде тапсырма берген еді. Осы мәселені шешуге кәсіподақ қаншалықты атсалысуда?
– Қазір кәсіподақ ұйымдары федерацияның бастамасымен құрылған табысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көтеру жөнінде мониторинг жүргізетін республикалық және аумақтық штабтардың жұмысына белсене қатысады. Ұжымдық келісімшартта қарастырылған разрядаралық коэффициенттер мен тарифтік мөлшерлемеге өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс жалғасуда. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына төменгі еңбекақы мөлшеріне байланысты критерийлерді айқындау қажеттігі туралы мәселе қойылды. Ауыр, зиянды және қауіпті еңбекпен айналысатын жұмысшылардың еңбекақысына байланысты бірыңғай жүйе қарастыру туралы да мәселе көтерілді. Жалақы мөлшерін арттырумен қатар оны уақытылы төлеу мәселесі де өзекті. Былтыр елдегі 577 кәсіпорында 1,5 миллиард теңге еңбекақы қарызы орын алған. Ол үшін мемлекеттік еңбек инспекциясы тарапынан жұмыс берушілерге 456 ескерту қағазы беріліп, 74 миллион теңгені құрайтын 344 айып салынды және жыл бойы 1 миллиард теңгеден аса еңбекақы қарызын жұмыс берушілер өтеді. Осы арқылы 10 мыңнан аса адамның заңды құқығы қорғалды. 
– Кәсіподақ Жарғысына өзгерістердің енгізілуі ұйымның ашықтығы мен беделін арттырып, жұмысын ширату мақсатында жасалған қадам ба?
– Әрине. Былтыр кәсіподақтың кезектен тыс ХХV съезі өтіп, жаңа Жарғы мен Тексеру комиссиясы туралы Ереже қабылданды. Төраға енді бес жылға бір мәрте ғана сайланады. Оған белсенді жұмыс істеуге бес жыл толық жетеді. Бұл мерзім біткеннен соң оның орнына жаңа басшы келеді. Мүшелік жарнаның жұмсалуы да дау-дамай туғызатын мәселенің бірі еді. Енді қанша жарна жиналғаны, қандай мақсатқа жұмсалғаны бәрі айқын. Оны кәсіподақ ұйымдары өз басылымдарында тұрақты түрде жариялап тұрады.
– Елбасы «Кәсіподақ қоғамдағы жаңғыртудың қозғаушы күші болуы тиіс» деген еді. Осы міндетті орындауға қазіргі кәсіподақтың мүмкіндігі жете ме? 
– Әрине, жыл басында кәсіподақты жаңғыртудың Жол картасы жасалды. Осыған сәйкес жұмыс та жүруде, жетістік те бар. Оған әлеуметтік әріптестер үлес қосуда. Бүгінде Кәсіподақ федерациясы мүшелерінің қатары 2 миллионға жетіп, елдегі ірі қоғамдық ұйымға айналды. Құрамында 22 салалық кәсіподақ, 16 аумақтық кәсіподақ бірлестігі, 18 мыңнан аса бастауыш ұйым бар. Өткен жылы 470 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, 35 мыңнан аса адам кәсіподақ қатарына қосылды. Мақсат – бастауыш ұйымдардың беделі мен абыройын көтеру арқылы жергілікті кәсіпорындағы жұмысшыларды осы ұйымның аясына шоғырландыру. Кәсіподақ олардың құқы мен мүддесін қорғайтындай ұйым болу керек. Бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілері жұмыс берушімен терезесі тең дәрежеде сөйлесіп, туындаған еңбек және әлеуметтік мәселені ушықтырмай шеше алатындай білікті болуы шарт. Былтыр Қостанай, Астана, Шымкент, Павлодар, Тараз қалаларында, Алакөл мен Меркіде бастауыш кәсіподақ ұйымдарының форумы өтті. Оған екі мыңға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары мен мүшелері қатысты. 
Жергілікті жердегі жұмыс берушілердің арасында кәсіподақ ұйымының болмағанын қалайтындар да табылды. Өйткені, олар кәсіподақ еңбек заңдарын бұзуға жол бергізбейтінін жақсы біледі. Бұл мәселеде біздің принцип айқын: жұмыс беруші мен еңбек ұжымы, еңбек қатынастары бар жерде кәсіподақ ұйымы міндетті түрде болу керек. Кәсіподақ еңбек адамының мүддесін қорғауға белсене араласады. Қазір бұған көптің көзі жетіп, кәсіподаққа сенім артты. Қатарымыздың көбеюі осыған байланысты. Еңбек қатынасына байланысты дау-дамай мен кикілжің адамның құқықтық білімінің таяздығынан туындайды. Сол себепті біз құқықтық жаппай оқудың бірыңғай жүйесін жасадық. Осыған байланысты жұмыс жүруде. 
– Жастардың кәсіподақ қозғалысына көзқарасы қалай?
– Бүгінде ел бойынша кәсіподақ мүшелерінің 32 пайыздан астамы жастар. Барлық аймақта Жастар кеңесі бар. Олар кәсіподақ қозғалысын одан әрі дамытуды көздейді және жастарға қатысты тың идеялар мен жобаларды ұсынады. Кәсіподақ жұмысына да белсенді қатысады. Былтыр жастардың ұйытқы болуымен бірнеше іс-шара өткізілді. 
– Өткен жылы бұқаралық ақпарат құралдары «Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы мүшелігінен шықты» деп жарыса жазды. Осы жайлы айтып өтсеңіз?
– Кәсіподақтардың халықаралық конфедерациясының Жарғысына сәйкес мүшелікті тоқтату немесе мүшеліктен шығу мәселесін шешу оның жоғары органдары – Бас кеңес пен Конгрестің құзыретіне жатады. Бұл мәселені Халықаралық конфедерация өз бетінше шеше алмайды. Былтырғы қарашада Халықаралық конфедерацияның еуропалық аймақтық кеңесі Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының Халықаралық конфедерацияға мүшелігін тоқтату жөнінде бастама көтерді. Бұл бастама бойынша өткен жылдың 2 желтоқсаны күні Халықаралық конфедерациясы Бас кеңесінің отырысы өтті. Бірақ, онда ешқандай шешім қабылданған жоқ. Сондықтан, бүгінде ҚР Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (International Trade Union Confederation, ITUC) мүшесі.
– Әңгімеңізге рахмет.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА