Тимур ҚҰЛЫБАЕВ ЖЕРДІ ҚАЙТАРУ ЖАЙЛЫ ПІКІР БІЛДІРДІ

Уақыты: 15.03.2019
Оқылды: 1095
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Әкімдіктер жер телімдерін беруде саудаға салмастан 4 жыл ішінде 2,5 мыңдай заңбұзушылыққа жол берген. Бұл мәліметтер «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур ҚҰЛЫБАЕВ пен ҚР Жоғарғы Соты Төрағасы Жақып АСАНОВТЫҢ қатысуымен өткен отырыста айтылды.

Жер телімдерін аукционсыз алған және сот тәртібімен жерлері алынып жатқан  кәсіпкерлерден «Атамекенге»  шағымдар толассыз түсуде. Іс жүзінде бұл жағдайлар бизнесті шығынға батырып, соңы жабылуына әкеп соғады. Осыған қатысты Ақмола және Қостанай облыстарындағы жерді қайтарып алуда бірнеше кәсіпкердің жағдайы әңгіме өзегіне айналды.

- Бизнесті қолдау жолында мемлекет қаншама қаражат бөлуде. Өндірістік аймақтар құрып, инфрақұрылымға қаржы бөлінуде. Кәсіпкердің кінәсі неде? Ол ешкімге қол жаймай, барлығын өз қолымен салады. Ал ертеңінде жерін алып қояды. Соңы банкротпен аяқталуда. Бұл көзқараспен ешқашан экономикамызды дамыта алмаймыз. Бүгінгі күні мұндай сот шешімдері арқылы қаншама қателіктерге ұрынуымыз мүмкін?! Жерді қайтармас бұрын ақылға жүгінген дұрыс. Егер шынымен де жер телімі игерілмей, ұзақ уақыт бос жатса, онда жерді қайтару туралы сұрақтың көтерілуі орынды. Ал ол жерде кәсіпорын салынып, барлық нормалары сақталса, кәсіпорынды іске қосу керек. Жер телімдерін беруде заңбұзушылыққа жол берген шенеуніктер заң алдында жауапты болуы тиіс. Ал қазір кәсіпкер шығынға батқанымен, шенеуніктер жауапкершілікке тартылмауда, - дейді Тимур Құлыбаев.

«Атамекен» басшысы бизнеске тигізген шығыны үшін лауазымды тұлғаларды жауапқа тартуда соттың рөлін күшейту қажеттілігіне сенімді. Тіпті, сот шешімі кәсіпкер тарапына шешілген күннің өзінде, бизнестің шығындарын бюджет есебінен өтеу өте күрделі шаруа.

- Бұл процедураларды бірізділікке түсіру қажет. Мемлекеттік органдарының іс-қимылдарына шағым жасау мен кеткен шығынның орнын толтыруды бір сот процессіне біріктіруіміз керек. Осы сауал төңірегінде әлемдік тәжірибеге көз жүгіртейікші. Бүгінде, өкінішке қарай, бизнеске қатысты мемлекеттік жауапты тұлғалардың жауапкершілігі жайлы мәселені ешкім көтермейді. Бұл - үлкен қателік. Егер, соңы немен аяқталатынын біліп тұрса, шенеуніктер мұндай қадамдарға барар алдында ойланар еді. Заң барлығын күрделендіру үшін емес, мемлекеттің дамуы, экономиканың өрлеуі, жағдайды жақсартуға бағытталған, - деп түйіндеді Тимур Құлыбаев.

Жоғарғы сот Төрағасы Жақып Асанов отырыс қорытындысында көтерілген мәселелерді қысқа мерзімде шешуге тапсырма берді. Мұның нәтижесі Жоғарғы соттың тиісті нормотивтер қаулысын өзгертумен аяқталуы тиіс.

Диас БЕЙСЕНБЕК,

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы