НЕСИЕГЕ МАЛ АЛУ ТИІМДІ МЕ?

Уақыты: 15.03.2019
Оқылды: 1546
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Аудандық әкімдікте ауылшаруашылық, қаржылық сауықтыру және осы салаға көрсетілетін қызметтердің экономикалық қолжетімділігін жетілдіру арқылы бәсекеге қабілеттілігін арттыру, «Сыбаға», «Ырыс» бағдарламаларын жүзеге асырудың тиімді жолдарын қарастыру мақсатында семинар-кеңес өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Қ.Әбдіханов, аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Е. Толқынов қатысты.

 

Аталған бағдарламалар бойынша берілетін несиенің шарттары жайында «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ директорының орынбасары Шыңғыс Қарақожаев, бас несие менеджері Ержан Артығалиев жан-жақты түсініктеме берді. Олардың айтуынша, аталған акционерлік қоғамының Алматы филиалы өткен жылы ауылшаруашылығына бағытталған бірнеше несие бағдарламалары арқылы өз жұмысын атқарды. Оның ішінде нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 913 кәсіпкерге 3420 млн. теңге несие беріп, оған 1128 адам жұмыспен қамтылды. Биыл «Ауылшаруашылығын қолдау қоры» АҚ Алматы филиалы өз жұмысын әрі қарай ауылшаруашылығы саласын дамытуға бағыттайды.
Осы қордың қолдауымен мүйізді ірі қара мал етін экспортқа шығару мақсатында қабылданған «Сыбаға» бағдарламасы қайта жанданып, жоба шарты бойынша импортталған асыл тұқымды ірі қара малы мен отандық ұсақ мүйізді мал алу көзделген. Нәтижесінде, 14 шаруа қожалығына 497,5 млн. теңге несие қаражаты беріліп, оған 1317 бас импортталған мүйізді ірі қара малы сатып алынған. Бұған қоса, облыс бойынша өткен жылы 7500 бас ұсақ мүйізді мал алу жоспарланған. Қордың белсенді жұмыс атқаруының арқасында 42 шаруа қожалығы 383,2 млн. теңге несие қаржысын алып, оған 12113 бас ұсақ мүйізді мал сатып алып, жоспар 162 пайызға асыра орындалған.
Ауылды жерлерде мал шаруашылығынан басқа да бизнес түрлерін дамытып, қолдауға көзделген «Кәсіпкер» бағдарламасы арқылы несиелендіру жүргізіліп, нәтижесінде 103 кәсіпкерге 763,3 млн. теңге несие қаржысы беріліпті. Сондай-ақ, мал шаруашылығын дамытуда «Игілік», көктемгі егістік, күзгі жиын-терін жұмыстарын несиелеуде «Егінжай» бағдарламасының тиімділігі арта түскен. 
Басқосуда былтыр аталған қордың қаржылай қолдауымен шетелден 80 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алып, шаруасын дөңгелеткен өстемірлік фермер Эльмира Садықова несиеге мал алып, өсірудің игілігін көріп отырғанын баяндады. Сонымен қатар, Жалғамыстан Қ.Шаймарданов, Тұздыбастаудан  А.Агададаев, тағы да басқа шаруалар қаржылай қолдау қорының несиелендіру шарттарына қатысты ой-пікірімен бөлісті.

Ұ. БӨРІБАЙҚЫЗЫ
Талғар ауданы

Сурет Otyrar.kz сайтынан алынды