ТЕКЕСТЕ ТЕРЕЗЕ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ БАР

Уақыты: 18.03.2019
Оқылды: 1592
Бөлім: ОН САУСАҚ

Текес ауылының тұрғыны Сейітжан Жұмағұлов өткен жылы ауылда ұйымдастырылған «Бизнес Бастау» жобасы аясында кәсіпкерлер оқуын бітіріп,  «Даму» қоры арқылы 1,5 миллион теңге қаражат алды. Оған құрылыс бұйымдарын жасайтын цехқа керекті құрал-жабдықтар сатып алып, тұрғын үйдің есік-терезелерін жасай бастады. Қазір Текес өңіріндегі ел-жұрт есік-терезені алыстан іздемейді.

 

– Сұраныс жаман емес. Жұмысымыз жүріп жатыр. Есік-терезе жасауға қажетті материалдарды қаладан әкелемін. Қалғанын осында өзім жасай беремін. Санат Рақымбаев, Кәмен Сасықбаев сияқты көмекшілерім бар. Ел ішінде бір шаруамен айналыссаң, бір істің көзін тапсаң жағдайың жаман болмайды. Жұртшылықтың қажетіне жарайды. Төккен тер қайтарымсыз қалмайды, – дейді ЖК «Бауыржан» құрылымының иесі Сейітжан Жұмағұлов.

Сейітжанның шаруасы мұнымен бітпейді. Көп жыл дәнекерлеуші болып жемісті жұмыс істеген бесаспап азаматтың темір дәнекерлейтін шағын цехы да бар. Бұрын диірмен болған ғимаратты дәнекерлейтін орынға айналдырып, Ғабит Жанқожаевті жұмысқа алған. Сұраныс бойынша тұрғын үйлердің, моншаның от жағатын пешін жасап береді. Өзге де жұмыстар жетерлік. Сынған техникаға да көмектері көп. 

Сейітжан, міне, осылай ауылдастарының алғысын алып келеді.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы