ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНА КЕЛДІ

Уақыты: 23.03.2019
Оқылды: 1320
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИННІҢ Алматы облысындағы алғашқы жұмыс сапары Панфилов ауданынан басталды. Үкімет басшысы бұл сапарында Қазақстанның Қытаймен шекарадағы көлік-логистикалық кешенінің дамуымен және сауда ынтымақтастығын іске асыру барысымен  танысты. Үкімет басшысымен бірге облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ жүрді.

Сапар аясында Үкімет басшысы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» ауқымды жобасының бір бөлігі - «Нұр жолы» өткізу пунктінің жұмысымен танысып, «Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына және «Қорғас» Халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы секілді маңызды нысандарды аралады.

«Нұр жолы» өткізу бекеті өткен жылы қолданысқа берілген. Нысан қуаттылығы күніне 2500 жүк көлігін өткізе алады. 25 гектар аумақта көліктің қауіпсіз кіріп-шығуын бақылайтын 8 жолақ орналасқан. Ол тиісінше мұндағы кептелісті жойып, жылдам қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Үкімет басшысына кеден жұмысын «Еуротранзит» компаниясының бас директоры Ерлан Диханбаев таныстырды.

Мұнан соң Үкімет басшысы жүгері өңдеумен айналысатын «Заря ЛТД» ЖШС-на келді. Қолданысқа берілген өндіріс орны дала аруын қабылдап, тазалауға арналған. Нысан жылына 100000 тонна жүгері дәнін қабылдай алады. Сол қатарда зауытқа іргелес жатқан құрғақ порттың жұмысын да көрді. Үкімет басшысы осы жерде аймақта жүзеге асырылып жатқан 8 жобамен танысты. Оның ішінде ең ауқымдысы - аумағы 11,4 гектарды алып жатқан, жүк сақтайтын қойма. Мұнда көрші елден келген немесе өзімізде өндірілген тауарлар осында сақталып, қажетті бағытқа жөнелтіледі. Шетел инвесторларымен бірлесіп іске асырылып жатқан аталмыш жоба келесі айда пайдалануға берілмек.

Биыл шекаралы аймаққа келушілердің саны жылдағыдан арта түседі деген болжам бар. Оған арнайы экономикалық өңірде атқарылып жатқан 5 ірі жоба негіз болмақ. Сол қатарда сауда кешендері, әлемдік стандартқа сай цирк, қонақүй бой көтермек. Орталықтағы жаңашылдық бұл ғана емес. Қазір мұнда 6 жүк өткізу терезесі мен арнайы күту залы ашылған. Бұл туристер мен сауда-саттық жасайтын адамдарға үлкен жеңілдік. Тіпті, бұл жүк өткізу бекетінде екі ортадағы адамдарды тасымалдаудың да түйткілді тұстары шешілген.

Сапар барысында Асқар Ұзақбайұлы Қорғас өзенінде салынып жатқан селге қарсы қорғаныс нысандарын аралап көрді. Жағалауды бекіту жұмыстарына жалпы 30 млрд. теңге жұмсалатынын сала басшылары жеткізді.

Келесі кезекте Астанадан келген қонақтар Қазақстан - Қытай бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалармен танысты. Алдағы уақытта құны 1,7 миллиард теңге болатын «Қазлюмер» сауда орталығынан туристер отандық өнімді таба алатын болады. Қос қабатты нысанда  қырықтан аса дүңгіршек жұмыс істеп тұр.

Осындай ірі жобалармен танысып шыққан Премьер-Министр атқарылған жұмыстарға жоғары баға беріп, облыс әкіміне мақсатты істерге байланысты тапсырмалар жүктеді. Үкімет басшысының келесі сапары облыс орталығы Талдықорғанда жалғасын тапты.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ,

Қажет АНДАС

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Панфилов ауданы