ЖЕТІСУ ЖЕРІНЕ ШВЕЙЦАРИЯЛЫҚТАР КЕЛДІ

Уақыты: 28.03.2019
Оқылды: 1264
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Қазақстандағы энергия тиімділігін арттыру» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысу үшін Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браун бастаған делегация мүшелері облысымыздың бірқатар ауданында болды. Аталмыш жоба аясында Швейцария мемлекеті мен Щвейцария агенттігінің қаржысымен елімізде емхана, балабақша, мектеп сынды 44 жобаны жүзеге асыру бекітілген. Оның үшеуі Алматы облысына тиесілі.

 

Алдымен делегация мүшелері Іле ауданы, Байсерке ауылындағы «Ақбота» балабақшасына барып, ондағы 16 күн панелінен құралған гелиоколлектор жұмысымен танысты. Бұл жаңашылдық мекемені тегін ыстық сумен қамтуға мүмкіндік туғызды. Ғимаратқа сорғылар, есептегіштер, терморегуляцияланатын жылыту жүйесі мен автоматты жылу пункттері орнатылған. Одан бөлек, жарық беретін  шамдар 200-ден астам жарықдиодты шамдарға ауыстырылды.  Жоба іске асырылғаннан кейін шығын 35 пайызға төмендеп, қаражатты үнемдеу сомасының 1 млн. 349 639 теңгені құрады.

Келесі кезекте делегация Қапшағай қаласындағы №3 орта мектепке атбасын бұрды. Қаңтар айында жұмысы аяқталған мектеп ішіндегі шамның барлығы электр энергиясын үнемдейтін жарықдиодты лампалармен ауыстырылып, аулаға күн көзінен қуат алатын 20 қондырғы орнатылған. Сондай-ақ, жертөлеге қойылған арнайы гелиоколлектор арқылы ғимарат толықтай ыстық сумен қамтамасыз етілді. Білім шаңырағының шатыры мен сыртқы керегелері суық өткізбейтін құрылыс материалдарымен қапталған.

Қаратал ауданындағы Балпық ауылдық округіне қарасты Жаңаталап орта мектебі де «Қазақстандағы энергия тиімділігін арттыру» жобасы аясында бөлінген 94 млн. теңге қаржының есебімен күрделі жөндеуден өтіпті. Делегация өкілдері бас мердігер «Асанас-Дар» ЖШС жүргізген нысанды аралады. Бөлінген қаражатқа мектеп шатыры тегістей ауыстырылып, 65 пластикалық терезе, 7 бөлме аралық есік, 402 қуат үнемдейтін жарық шамдары қойылған. Заманауи материалмен қапталған мектепте жыл сайын жылу мен электр энергиясынан 42 пайыз, яғни, 8 млн. теңгеге дейін қаржы үнемделеді деп күтілуде.

Осындай игілікке жеткізген жоба алдағы уақытта ауылдағы ағайынның талай қиындығын жеңілдететін болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"