ҚҰНАРЛЫ ЖЕРДЕ ЫРЫС МОЛ

Уақыты: 08.04.2019
Оқылды: 1027
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Таулы өлкенің көктемгі егіс науқаны басталып кетті.  Кеген ауданындағы Бөлексаз ауылдық округінің еңбеккер елі бірсыпыра жылдан бері ауылдың маңындағы егіске лайық жерлерді игеріп, қамбаларын дәнге толтырып жүр. 

– Өткен жылы 200 гектар арпаның әр гектарынан 20 центнерден өнім жиналды. Сонымен қатар, 100 гектар сүдігер жыртылды. Аталған ылғалды алқап дән себуге дайын. 50 гектарға себілген күздік бидай көктеп келеді, – дейді ауыл әкімі Жасұлан Өмірзақов.
Биылғы көктемгі егіс жұмысына Манап Құсайынов басқаратын «Мақсат» шаруа қожалығы құлшына кірісті. Атап айтқанда, «МТЗ-80» маркалы үш тракторы қажетті ауылшаруашылық агрегаттарымен көмекке келуде. Қарқара өзенінің етек жағындағы игерілмей жатқан 40 гектар құнарлы жер жыртылып, лайықты тырмақ жүргізілген. Аталған алқапқа жаздық арпа себілуде. Одан кейін 100 гектар жерге арпа себіледі. Қожалықтағы тракторларды Манап ағамыздың Мақсат, Асқат Құсайынов атты еңбеккер ұлдары жүргізуде. Өңірдегі дәнді дақыл егісінің жұмыстары ауылдағы 30 отбасының бірлескен еңбегінің нәтижесі. Олар жыл сайын қаражаттарын жиыстырып, науқанға жанар-жағармайын, астық тұқымын әзірлеп, өздері бидай мен арпадан қысылмайтындай дәрежеде тірлік жасауда.
                                                                 

Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы

Суретте: «Мақсат» шаруа қожалығының механизаторлары
Мақсат және Асқат Құсайыновтар егіс басында.