КӨКТЕМГІ ЕГІСКЕ ДАЙЫНДЫҚ ҚЫЗУ

Уақыты: 09.04.2019
Оқылды: 1338
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Сарқан ауданындағы өнімнің негізгі бөлігі ауылшаруашылығы саласының еншісінде. Биыл 98126 гектар алқапқа егін егіліп, оның 50680 гектарына дәнді дақылдар себіледі деп жоспарланған.

Жоспарланған алқапқа күздік, жаздық бидай, күздік, жаздық арпа, сұлы, тары, жүгері, қарақұмық және  майлы  дақылдар себілмек. Сондай-ақ, қант қызылшасы көлемін ұлғайту да жоспарда бар. Бұл жөнінде аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Өмірсадық: 
– Тәтті түбір өндіру көлемі ауданда жылдан-жылға көбейіп келеді. Биыл өнім 2850 гектар алқапты қамтымақ. Тұқым «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы шаруа қожалықтарына таратылады, – дейді. 
Сүдігер жыртылып, алқапқа түрен түсіп,  көктемгі  егіс жұмыстарында тер төгіп, еңбек ететін шаруа қожалықтары үшін жеңілдетілген жанар-жағармай ұсынылмақ. Ол үшін «Қарамай Продактс» ЖШС-не өтінім берілген.  Ауылшаруашылығы техникалары дайындық сапына қойылды. 
– Техникаларды ерте бастан қамдап алғанбыз. Иелігіміздегі алқапты жыртып, алдағы өнімнің негізі қаланбақ. Қызылша өсіруді жалғастырып, егістік көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз, – дейді «Аманжол» шаруа қожалығының басшысы Гүлбану Молғаждарова. 
Қырдағы бүгінгі қызу тірліктің өтеуі – күзгі жиын-терімдегі мол өнім.

Жомарт ИГІМАН
Сарқан ауданы