БИЗНЕС-ЖОСПАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРҒЫҢЫЗ КЕЛСЕ...

Уақыты: 08.04.2019
Оқылды: 822
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Өңірде басым жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасының жұмысын мониторингілеу бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» жобалық алқасы құрылды. Жобалық алқа бағдарламаға кәсіпкерлерді тарту жұмыстарын, бизнес жобаларды, бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап қаржыландыруға дейінгі сүйемелдеуді жүзеге асыратын болады.

Жобаларға үнемі мониторинг жүргізіліп, проблемалық сұрақтар анықталады. «Қарапайым заттар экономикасы» Жобалық алқаның құрамында кәсіпкерлер палатасы, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мен ауылшар- уашылығы басқармасы, «Даму» қоры, сондай-ақ, екінші деңгейлі банктердің өкілдері бар. Жұмыс қорытындылары апта сайын республикалық Жобалық алқа алдында сарапқа салынады. Жалпы бағдарлама бойынша 600 млрд. теңге бөлінді.
Жақында Алматы қаласы өңіріндегі кәсіпорындардың басшылары мен қаржы директорларының қатысуымен бағдарлама шарттарын түсіндіруге арналған жұмыс кездесуі өтті. Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер бойынша орынбасары Әсет Шаяхметов бағдарлама талаптары мен қаржыландыру тетіктеріне кеңінен тоқталып, компания өкілдерінің сұрағына жауап берді. 
– Қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады. Қаржы алу үшін банкке өтінім беріп, бағалау мен бекіту үрдістерінен өту керек. Қазіргі таңда 9 банк кәсіпкерлерді 8 пайыз бойынша несиелеуге әзір. Қарыз 9 жылға беріледі. Өтінімді қарастыру кезеңінде субсидиялау сомасы да қарастырылады, – деп атап өтті Әсет Шаяхметов.
Қазіргі таңда облыс бойынша 3 компанияның өтініші банктерге қарастыру үшін жолданды. Сонымен бірге 15 компания бағдарламаға қатысуға қызығушылық танытып отыр.
Айта кетейік, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Үкіметі халық тұтынатын тауарларды, сондай-ақ, шикізат және бастапқы өңдеу өнімдерін өндіруді қолдау үшін 600 млрд. теңге бөлді. Атап айтқанда, бұл қаражат жеңіл, тамақ, жиһаз өндірісіне, құрылыс материалдарын өңдеу,  агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен қолдауға бағытталмақ. 
Жобалық алқа мекенжайы: Талдықорған қаласы, 8 шағынаудан, Астана даңғылы 2 «А», Көрме кешенінің ғимараты 2-қабат. Анықтама үшін: 8 (7282) 40 14 98, эл. пошта: a.kaskarauov@atameken.kz

Айгүл Байжұмақызы